Каспий теңізінде жоғалған екі әскери қызметшінің денесі табылды. Қорғаныс министрлігі Каспий теңізі акваториясында жүргізілген іздестіру-құтқару операциясы аяқталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Бүгін, 25 қыркүйекте, сағат 09:15 шамасында үздіксіз жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары барысында бұған дейін із-түзсіз жоғалған екі әскери қызметшінің – сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денелері табылды", – делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және Қарулы күштерінің басшылығы мен жеке құрамы қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.
Қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті жан-жақты, оның ішінде материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі.
Естеріңізге сала кетейік, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райының кенеттен әрі күрт нашарлап, жел екпінінің күшеюі салдарынан ашық теңізге 17 әскери қызметшіні алып кеткен болатын.
Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде үш әскери қызметші құтқарылды. Өкінішке қарай, 12 әскери қызметші қаза тапты. Тағы екеуін іздестіру жұмыстары жалғасып жатқаны хабарланған еді.
Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша іс қозғалды. Тергеушілер 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алған, күдіктілер анықталды.
Бүгін – Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Дереккөз: Nur.kz · Гүлмира Ерубаева



