Қазақстан мен әлем жаңалықтары
АқпараттықОрда
Бөлімдер
Күнделік

Тоқаев Қарулы Күштерде әскери реформа жоспарын әзірлеуді тапсырды

Тоқаев Қарулы Күштерде әскери реформа жоспарын әзірлеуді тапсырды

Фото: Ақорда

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізді. Жиын барысында Мемлекет басшысы ведомствоның жаңа министрін таныстырып, Қарулы Күштердегі ахуалға қатысты бірқатар нақты тапсырма жүктеді.

Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

Кездесу Маңғыстау облысында өткен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшіні бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Президент бейбіт уақытта әскери қызметшілердің қаза болуына әкелген жағдайға қатаң баға берді. Оның айтуынша, сарбаздардың өліміне бірінші кезекте офицерлердің, соның ішінде генералдардың салғырттығы мен кәсіби біліксіздігі себеп болған.

Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаның нақты себептерін анықтаумен шектелмей, оқу-жаттығудың не себепті жоспарланғанын және оның қазіргі қауіп-қатерлерге қаншалықты сәйкес келгенін жан-жақты тексеруді тапсырды. Мемлекет басшысы Қарулы Күштер басшылығының қордаланған мәселелерді жылдар бойы шеше алмағанын атап өтті. Сондай-ақ Бас штабтың оқу-жаттығуды ұйымдастырудағы рөліне, үйлестіру жұмыстарына және Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының оқу-жаттығу кезінде болмауына қатысты сұрақтар қойды.

«Жауапсыздық, салғырттық, көзбояушылық белең алған. Жүйелі жұмыс жоқ. Дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл жоспары сын көтермейді», – деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, әскери басқару жүйесінде жинақталған мәселелер елдің қорғаныс қабілетіне тікелей әсер етеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Әскери реформа жоспарын әзірлеуді тапсырды. Президент қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті көмектің толық көрсетілетінін де айтты.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Дереккөз: Qazaq Today · Алмас Жарасхан