Қазақстан мен әлем жаңалықтары
АқпараттықОрда
Бөлімдер
Күнделік

Тоқаев: Astana AI Film Festival әлемдік деңгейге шықты

Тоқаев: Astana AI Film Festival әлемдік деңгейге шықты

Ақордада Ұстаздар күніне арналған салтанатты шарада сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің дамуы туралы пікір білдіріп, алғашқы халықаралық Astana AI Film Festival кинофестиваліне жеке тоқталды.

Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

Мемлекет басшысы өткен аптада Астанада жасанды интеллектіге арналған бірқатар ауқымды шара өткенін атап өтті. Олардың қатарында AI & Digital Bridge – 2026 форумы, Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің отырысы және Astana AI Film Festival халықаралық кинофестивалі бар.

– AI & Digital Bridge – 2026 форумы мен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің отырысы белгілі мамандар мен сарапшылардың қатысуымен өтті. Осы алаңда Қазақстанның осы аса маңызды салада таңғаларлық нәтижелерге қол жеткізгені атап өтілді. Алайда бұл мақтанышпен тыныштық сақтауға себеп емес, әсіресе жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың бұрын-соңды болмаған жоғары қарқынмен дамып жатқанын ескерсек. Бұл – уақыт талабы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Астанада алғаш рет өткен кинофестивальге ерекше назар аударды.

– Сонымен қатар, астанада алғаш рет халықаралық Astana AI Film Festival кинофестивалі өтті, оны шынымен озық әрі инновациялық оқиға деп атауға болады. Дәл осы маңызды шара аясында әлемде алғаш рет кинематографиядағы жасанды интеллектінің әлеуеті таныстырылды. Басқаша айтқанда, бұл фестиваль дәстүрлі киноөндіріс дәуірінің біртіндеп өткенге кетіп бара жатқанын растады. Енді кинематографистер шенеуніктерге, продюсерлерге және демеушілерге қолдау сұрап жүгінбей-ақ толыққанды фильмдер жасай алады. Сондықтан Астанадағы кинофестиваль шынымен әлемдік сипатқа ие болып, бүкіл әлем қауымдастығының назарын аударды, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Дереккөз: Qazaq Today · Алмас Жарасхан