Қазақстан мен әлем жаңалықтары
АқпараттықОрда
Бөлімдер
Актуалды

Маңғыстаудағы әскерилердің қазасына қатысты комиссия тергеу жүргізіп жатыр: қандай бап бойынша қылмыстық іс қозғалды

Маңғыстаудағы әскерилердің қазасына қатысты комиссия тергеу жүргізіп жатыр: қандай бап бойынша қылмыстық іс қозғалды

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты құрылған үкіметтік комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды өңір әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің баяндауынша, қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі ("Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау") және 465-бабы ("Кеме жүргізу қағидаларын бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылып, бірқатар тергеу және жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Жұмысқа тиісті мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалған.

Қанат Бозымбаев болған оқиғаның барлық мән-жайын қысқа мерзімде толық анықтап, қайғылы жағдайға кінәлі тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Отырыста қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына ерекше назар аударылды. Премьер-министрдің орынбасары мемлекет тарапынан оларға қажетті әлеуметтік және материалдық қолдау көрсетілетінін атап өтті.

"Заңда көзделген материалдық көмектен бөлек, көмек көрсеткісі келетін азаматтардан көптеген өтініш түсіп жатыр. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсететіндерін мәлімдеді. Олардың біреуі қаза болған әр әскери қызметшінің отбасына 25 млн теңгеден бөлді. Сондай-ақ бірқатар ірі бизнес өкілдері де материалдық көмек көрсетуге ниет білдірді", – деді премьер-министрдің орынбасары.

Қанат Бозымбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлесіп, қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына бағытталған барлық қаражаттың бөлінуінің ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз етуді тапсырды. Ол көмектің нақты адресаттарға толық көлемде көрсетілуге тиіс екенін атап өтті.

Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың баяндауынша, оқиғадан кейін медициналық мекемеге жеткізілген әскери қызметшінің жағдайы тұрақты. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасы

24 қыркүйекте Маңғыстау облысында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен.

Бастапқыда Қорғаныс министрлігі алдын ала мәлімет бойынша, суға кеткен 19 әскери қызметшінің тоғызы қаза тапқанын хабарлады.

Бас прокуратура Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылып, оқиға орнына премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев аттанды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысындағы әскери қызметшілердің қазасына байланысты көңіл айтып, қайғылы оқиғаны тергеу бойынша тапсырма берді.

25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

24 қыркүйек күні кешке нақтыланған деректер белгілі болды. 17 адам суға кетіп, олардың 12-сі қаза тауып, үшеуі құтқарылған. Қалған екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің есімін жариялады. Тізімде 11 матрос пен аға лейтенант бар.

Бұдан бөлек, Қанат Бозымбаев осы қайғылы оқиғаға кінәлі барлық лауазымды тұлға заң бойынша жауапқа тартылатынын мәлімдеді.

Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз

Дереккөз: Nur.kz · Гүлмира Ерубаева