Қазақстан мен әлем жаңалықтары
АқпараттықОрда
Бөлімдер
Негізгі

Қазақстанда қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендеді – Сәденов президентке есеп берді

Қазақстанда қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендеді – Сәденов президентке есеп берді

2026 жылдың 5 қазанында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Министр елдегі криминогендік ахуал және қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады.

Ержан Сәденовтің мәліметінше, биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендеген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қылмыс саны 11 мыңнан астамға азайған.

Аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ қоғамдық орындар мен көшелердегі, отбасылық-тұрмыстық саладағы, кәмелетке толмағандар мен бұрын сотталғандар арасындағы құқық бұзушылықтар кеміген.

Министр өткен жылдары жасалған 2,5 мыңнан астам қылмыс ашылғанын айтты. Криминалистиканың заманауи құралдары, соның ішінде ДНҚ зерттеулері көп жыл бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар адамдарды анықтауға мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар қоғамда құқықтық тәртіпті бұзуға төзбеушілік дағдысы орнығып келеді. Азаматтар полицияға "Заң мен тәртіп" қағидатын жүзеге асыруға белсенді көмектесуде. Жыл басынан бері азаматтардың, волонтерлер мен қоғамдық көмекшілердің ақпараты бойынша 12 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 357 қылмыс ашылған.

Шетелдік құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге ықпал етіп отыр. Іздеуде жүрген 1039 адам табылып, шетелде бой тасалаған 154 адам ұсталған. Шет мемлекеттердің сұрауы бойынша Қазақстан аумағында 537 қылмыскер құрықталған.

Ішкі істер министрлігі тергеп жатқан қылмыстық істер бойынша жыл басынан бері 49 млрд теңге қайтарылған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22,5 пайызға көп.

Интернет-алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға 6,5 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылған. Мұндай қылмыстардың саны 21 пайызға азайған. Олардың жолын кесу мақсатында 8,7 мың алаяқтық және фишингтік сайт, сондай-ақ 187 млн алаяқтық қоңырау бұғатталған.

Ержан Сәденов қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің цифрлық тетіктерін дамыту туралы да ақпарат берді. Бейнебақылау желісінің көмегімен 2,2 мыңнан астам адам анықталып, ұсталған.

Цифрлық шешімдер жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де белсенді қолданылып жатыр. Бұл шаралар профилактикалық жұмысты күшейтіп, жол-көлік оқиғаларының санын 5 пайызға азайтуға мүмкіндік берген. Сонымен қатар қаза тапқандар саны 16 пайызға, жарақат алғандар саны 7 пайызға төмендеген.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Дереккөз: Zakon.kz · Айгерим Тарина