Желіде Ақтауда тұрғын үй подъезінде ұйықтап жатқан баланың суреті тарады. Оқиғаға қатысты тексеріс тағайындалып, оның нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды Lada.kz басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Кеше Ақтауда тұрғын үй подъезінде ұйықтап жатқан баланың суреті тараған. Маңғыстау облысы балалар құқығын қорғау басқармасының басшысы Несібелі Қуатова жағдайға қатысты пікір білдірді.
Бұған дейін ата-анасы бала досын күтіп отырып, ұйықтап қалғаны, өтіп бара жатқан әйел 14 жастағы жасөспірімді байқап, үстіне көрпе жапқанын мәлімдеген. Өңірлік басылым мәліметінше, оқиғадан кейін балалар құқығын қорғау басқармасы мен Психологиялық қолдау орталығының мамандары кәмелетке толмаған баланың отбасына барып, жағдайды зерделеген.
Тексеру барысында қазір баланың жағдайы жақсы екені анықталды. Оған психологиялық қолдау көрсетіліп, анасына қажетті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
"Қазіргі уақытта жауапты мамандар мен отбасы арасында тұрақты байланыс орнатылды, балаға қатысты жағдай бақылауда. Кәмелетке толмаған баланың психологиялық жағдайын қолдау және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасып жатыр", – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Дереккөз: Nur.kz · Айтолқын Адырбай



