Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті 103 млн теңге көлеміндегі мемлекеттік субсидияны жымқырды деген күдікке ілінген қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды ҚМА баспасөз қызметінен.
Тергеу нұсқасы бойынша, қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін үшінші тұлғалардың атына ресми түрде тіркелген төрт жеке кәсіпкерлік пен екі ЖШС пайдаланылған. Іс жүзінде кәсіпкерлік нысандарын күдіктілер өздеріне берілген электрондық цифрлық қолтаңбалар, мөрлер және банк шоттарын басқаруға құқық беретін нотариалды сенімхаттар арқылы іс жүзінде бақылауда ұстаған.
ҚМА мәліметінше, ақпараттық жүйелерге ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алу мен олардың қолда бары, сондай-ақ асылдандыру жұмыстарының жүргізілгені туралы көрінеу жалған мәліметтер енгізілген. Кейін осы мәліметтердің негізінде субсидия алуға электрондық өтінімдер берілген
Бюджеттен алынған қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген және жеке мақсаттарына жұмсалған.
Келтірілген залалдың жалпы сомасы 103 млн теңгені құрады.
Сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі екі тұрғын үйге, төрт автокөлікке, автотұрақ орнына және жер теліміне тыйым салынды.
Күдіктілердің бірі қамауда, екіншісі кепілмен босатылған.

