
Есімі елге танымал театр және кино режиссёрі, кинодраматург, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменовтің «Ай астындағы әңгіме» атты кітабы оқырманымен қауышты. Автордың кейінгі жылдарда жазылған эссерлері мен очерктері, сұхбаттары топтастырылған жинақтың таныстырылымы елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада өтті.
«Басқаларды білмеймін, өзім туралы бірдеңе жазу қиынның қиыны екен. Іштей қаншама уақыт дайындалғанмен, бәрібір болмайтын сияқты. Әсірелетіп жазсам, мақтаншақтық болады. Ал біреуге қолұшын беріп, бірдеңе істегенімді қағазға түсірмесем, ол да дұрыс болмайтын секілді. Дейтұрғанмен, нартәуекел...» деп басталған кітап әлқиссасынан-ақ аталған жинақтың авторға қаншалықты құнды екендігін түйсінуге болатындай. Ал өнерсүйер оқырман үшін оның бағасы тіпті теңдессіз. Мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтің алғысөзімен жарық көрген жинақ «Үнжариядағы ұтқыр ойлар», «Өмір суреткерлері туралы толғаныс» және «Өмірдің өзі – пьеса» атты үш бөлімге топтастырылыпты. Әр тарау танымдық һәм тағылымдық тұрғыдан мазмұндық мәнге бай.
Ақын, Жазушылар одағының Астана филиалының басшысы Бауыржан Бабажанұлы тізгіндеген жиынға Ғалым Жайлыбай, Әлихан Байменов, Дархан Қыдырәлі, Амангелді Кеңшілікұлы, Талғат Батырхан, Құдайберген Тұрсын, Сәулебек Асылхан, Нұрлан Өнербаев, Гүлжан Әспетова, Жанат Чайкина, Серікзат Дүйсенғазы, Қалқаман Сарин сынды әдебиет пен өнер майталмандары қатысып, режиссёрдің жаңа жинағы туралы жылы лебіздерін білдірді.
«Кітап атауының өзі-ақ оқырманды айрықша қызықтырады. Романтикалық леп есіп тұр. Жалпы, қолымыздағы бұл кітап пен Талғат деген есімнің арасында да айрықша бір үндестік бар секілді. Араб тілінен аударғанда «Талғат» есімінің өзі «Ай астындағы адам» деген мағынаны білдіреді екен, яғни «Ай астындағы адамның» «Ай астындағы әңгімесі» де әсерлі боларына сенеміз. Романтик Талғат Досымғалиұлын болашақта романист ретінде танып жатсақ, таңғалмаймыз», деген Парламент Сенатының депутаты, академик Дархан Қыдырәлінің жүрекжарды лебізін әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы әрі қарай жалғады: «Талғат ағамен менің ең алғашқы таныстығым «Гүлназ» хикаятын оқу арқылы басталған еді. Осы повестен кейін қазақ әдебиетіне ғажап жазушы келген екен деп ойладым. Бірақ ол кісінің, шыны керек, кино саласында жүргенін білмедім. «Гүлназды» оқып отырып риза болғаным, ол кісінің әңгімелеу шеберлігі, оқиғаны жеткізудегі модернистік тәсілдері, кейіпкерін оның психологиясы арқылы тереңнен ашу формалары мені таң-тамаша қалдырды. Кейін мөлдіретіп жазған эсселерін оқып, мақаласының ішінде лирикалық шегіністер мен психологиялық иірімдерді шебер ұстай отырып, кейіпкерінің мінез-болмыс ерекшеліктерін ашудағы шеберлігіне бас идім. Өзім де эссеист болғаннан кейін маған жазудағы бұл тәсілдер айрықша әсер етті», деп сөзін түйіндеді сыншы.
Расымен де режиссёр Талғат Теменовтің кино мен театр ғана емес, жазу саласындағы сүбелі еңбегі де ауыз толтырып айтуға, іргелі зерттеулерге арқау етуге тұрарлық құнды дүние екені сөзсіз. Оны қолыңызыдағы «Ай астындағы әңгіме» жинағы тағы бір мәрте дәлелдей түседі.