• 13-12-2025

Күмбірлеп өткен күй ғұмыр

Көз ілестірмей перне қуалатып, дауыс тудыратын саусақ деп ойлайсыз ба? Кеудедегі рух пен жүректің қуаты сияқты біздіңше. Күй аңызына айналған «Салтанаттың» авторы Төлеген Момбековті көргендер анандай томпиған саусақтарымен апырай осыншама ғажайып күй төгеді деп ешкім ойлай қоймас деседі. Сол Төлеген Момбековтің алдынан күй үйреніп, тәлімін алған шертпе күйдің шебері, ұстаз Рымхан Әбілханұлын еске алу кешінде оның күйшілігі мен кісілігі туралы көкейге қонарлық әңгіме көп айтылды.


«Тәттімбеттен бастап бе­рідегі Баубек күйшілерге дейінгі шертпе күй шебер­лерінің туындыларын терең танып, үздік орындау­шы осы Рымхан Әбілханұлы еді» деп бастады алқалы жиынды дәулескер күйші Жанғали Жүзбаев. Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Дәстүрлі музыкалық өнер» факуль­тетінің ұйымдастыруымен Әкім Тарази залында өткен шарада Рымхан Әбілханұлының күйшілігі, тәлімгерлік қыры, адамдық келбеті біршама әңгі­меленді. Кезінде өзі экраннан сөйле­генде: «Музыкадан жоғары тұратын күй өнері – тілмен, әңгімемен айтып жеткізе алмайтын өнер. Сөзбен жеткізсек, әңгіме болып кетеді, поэма, поэзия, пьеса болып әдеби жанрға айналып кетеді. Сол әдеби жанрдың күші жетпейтін, тілі жетпейтін, адамның сезім құбылысында болып жатқан алапат сезімді, ішіндегі дауылдарды қазақ күй тілімен жеткізіп отырған. Мысалы, «Салтанат» күйінде анасы қайтыс болып, балалардың анасын аңсап іздегенінде – бүкіл адамзатқа тән махаббат, шексіз сүйіспеншілік тұнып тұр», депті.

Еске алу кешінде алаштанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай күй­шімен 20 жыл көрші тұрғанын, күйші­лігімен қатар адамдық ар-ұятына кіршік түсірмей өткен тектілігі турасында сөйледі. Мемлекеттік сыйлықтың лау­реа­ты, жазушы-драматург Роза Мұқанова нағыз күй қонған адам деп еске алды.

Кезіндегі республикалық «Күй-керуен» фестивалінің «Алтын домбыра» иегері Рымхан Әбілханұлы 2015 жылы Лондондағы қазақ әртістерінің фестивалінде өнерімен әйгіленген. Қазақ телевизиясы мен радиосының «Алтын қорында» «Күйші Рымхан Әбіл­ханұлы» атты хабар сақтаулы.

«Қазақтың күй өнеріне шексіз үлес қосқан, шертпе күйдің хас шебері, тәлімгер ұстаз Рымхан Әбілханұлы «Оты­рар сазы» фольклорлық этногра­фиялық халық аспап­тар оркестрінде, Л.Н.Гумилев атындағы университетте және Қазақ ұлттық өнер универ­ситетінде көп жыл жемісті еңбек етті, үздік шәкірттер даярлады. Тәттімбет, Сүгір, Тө­леген, Нұрғиса күйлерін наси­хаттады. Ұстаздық жолын­дағы жауапкершілігі, адам­дық болмысы қазақтың дәстүрлі күй өнеріне шынайы берілгендігі біз үшін үлгі» деді аталған университеттің домбыра ка­федрасының меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абылғазы Ахмадиев. Сондай-ақ «Астана ақшамының» журналисі Аманғали Қалжанов жүрекжарды лебізін білдірсе, күйшінің жары, белгілі ақын Оңайгүл Тұржан ұйымдас­тырушылар мен қаты­сушыларға алғыс айтты.