• 16-03-2025

Айтулы ұстаздарды айшықтаған кездесу

Бүгінде еліміздегі білім ұйымдарында 500 мыңға жуық әйел ұстаз еңбек етеді. Әсіресе білім мен ғылым әлеміне қаракөз қыздардың қанатын самғатқан білім ордасы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін бүгінге дейін 70 мыңнан астам педагог маман тәмамдаған.

Осы білім шаңырағына арнайы келген Оқу-ағарту ми­нистрі Ғани Бейсембаев про­фессор-оқытушылар және студенттермен кездесіп, сапалы кадрлар даярлау, білім бағ­дар­ламаларын жетілдіру, со­ны­мен қатар үздіксіз педаго­гикалық білім саласын дамыту барысын талқылады.

Министр сөзінде педаго­гика­лық мамандықтарға бөлі­нетін мем­лекеттік грант санының жыл сайын артып келе жатқанын айтты.

«Мемлекет тарапынан пе­дагог кадрлардың сапасын арт­тыруға ерекше мән беріліп отыр. Соның бір дәлелі, кейінгі уақытта үш бір­дей ұстаз Қазақ­станның Еңбек Ері атанды. Бұл – мемлекет пен Президенттің ұстаздарға деген жо­ғары сенімі­нің айғағы. Педагогтің басты ұстанымы – шәкірттеріне сапалы білім мен саналы тәрбие беру дейтін болсақ, еліміздің білім ошақтарында еңбек етіп жатқан мұғалімдер осы университет түлектері Аягүл Миразова мен Гүлжанар Нұрпейісовадай педа­гогикалық қызметтің биік шыңы­на жеткенін қалаймыз», деді Ғ.Бейсембаев.

Айталық, кейінгі жылдары зерттеу жұмыстарымен айналысатын педагогтердің үлесі 1,6 есеге өсіп, магистр дәрежесі бар мұғалімдер саны 25 мыңнан асқан.

Кездесу барысында студенттер министрге ауылдық жерлерде педагогтерді қолдау, жұмысқа орналасу, ата-аналар қауымдастығымен байланыс, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясындағы тәрбие жұмысына қатысты сұрақтар қойды.

Сондай-ақ осы кездесу аясында Қазақ ұлттық қыздар пе­дагогикалық университетінде еліміздің үздік педагогтерінің құрметіне «Ұлт келбеті – ұстаз­дар» атты фотогалерея ашыл­ды. Онда отандық білім саласына зор үлес қосқан көрнекті ұстаздардың шығармашылығы айшықты бейнеленген. Олардың қатарында Социалистік Еңбек Ері, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Маржан Тасова, Қазақстанның Еңбек Ері, биология пәнінің мұғалімі Алина Соловьева, сондай-ақ Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері Аягүл Миразова бар.

«Фотогалерея – барлық ұс­тазға деген құрметтің белгісі. Біз өткенімізді білмесек, болаша­ғы­мызды бағдарлай алмаймыз. Мұға­лімнің жүрегі де, сөзі де жылы болуы керек. Ұстаз болу – үл­кен жауапкершілік. Сол жауап­кершілікті абыроймен атқарған жан ғана нағыз ұстаз болады», деді Аягүл Миразова.

Іс-шара соңында Оқу-ағарту министрі ғылым мен ұрпақ тәрбиесі жолында жемісті еңбек етіп жүрген бір топ ұстазды марапаттады.

АЛМАТЫ