Павлодарда Шаңырақ күні тойланып жатыр
Павлодарда Наурызнама онкүндігі аясында «Шаңырақ күні» тойланып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Бұл күні отбасылық құн ...
Лондон төрінде қазақ өнері мен мәдениеті паш етілді, деп хабарлайды 24KZ. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, актриса әрі әнші Айгүл Иманбаева жеке концертін беріп, отандастарымызбен қатар шетелдіктердің де зор қошеметіне бөленді.
Қазақстаннан шығармашылық адамдары Лондонға ат басын көп бұра бермейді. Өйткені әлемнің ең қымбат қалаларының бірінде жеке концерт беру үлкен шығын. Соған қарамастан Айгүл Иманбаева өз күшімен өнер кешін ұйымдастырды. Мақсаты – елден жырақта жүрген қандастарымыздың басын біріктіріп, қазақ өнерімен сусындату.
Айгүл Иманбаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
- Өте үлкен энергия алмастым. Халықтың үлкен ықыласына бөлендім. Бірге ән айттық, бірге мұңайдық, бірге күлдік, бірге жыладық. Бірге былай атқанда Наурыз мерекесін тойладық. Сол үшін алғысым шексіз.
Кеш әдеттегідей кең сарайда емес, шағын залда өтті. Себебі мұндай формат қазір трендте және халыққа етене жақын болуға мол мүмкіндік береді. Қазақ өнеріне шөлдеген жергілікті көрермен сүйікті әншісін өте жылы қабылдады.
Сауалнама:
- Қазақстанды өте сағынам. Сағынғаннан кейін бүгін әдейілеп келіп отырмын. Қазақтарды көріп, қуанып, құшақтасып, суретке түсіп, сондай жақсы болып қалдық.
- Қуантып, осындай көңіл күй сыйлап жатқанына өте ризамын. Бүгін әсіресе сондай бір ерекше сезімдеміз. Сондықтан құрбым үшін, Айгүл үшін өте қуаныштымын.
Актриса әрі әнші көрерменге жеке репертуарындағы жаңа және ескі туындыларын тарту етті, өлең де оқыды. Эстрадалық жанрда жазылған танымал шығармаларымен қатар халық әндерін де орындады. Домбырамен «Балапан қаз» әнін келістіре шырқап, ұлттық өнерді сағынған отандастарымыздың құлағының құрышын қандырды. Тыңдармандар қатарында шетелдіктер де болды. Ағылшындар әндердің мәтінін түсінбесе де, Ұлы дала елінің сазын ұйып тыңдап, кеш соңына дейін отырды.
Сауалнама:
- Қазақстанда бір жыл тұрып, ұлттық өнеріңізді ұнатып қалдым. Бүгін Айгүлдің шығармашылығына тәнті болдым. Ол қазақ мәдениетінің нағыз айнасы дер едім.
- Қазақ мәдениеті, әлбетте, біз үшін өте қызық. Музыкасы ғажап! Мен сондай-ақ қазақтың атбегілік өнеріне, бүркітпен аң аулау әдет-ғұрпына ғашықпын.
Айгүл Иманбаева «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты. Бір жыл шығармашылығында үзіліс алып, Англияда тағылымдамадан өтті. Менеджмент мамандығы бойынша алты бірдей жоба жасап, театрдың есеп-қисабын, гастроль ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуді үйренді. Ол алдағы уақытта шығармашылықпен қатар менеджерлік жұмысты да қоса атқарып, қазақ мәдениетінің дамуына өз үлесін қосуды жалғастыра бермек.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы