• 18-03-2025

Күміс бұйымдарға сұраныс артып келеді

Қазақтың ұлттық киімдеріне сән беріп тұрған әшекейлердің сан түрі бар. Көбіне шеберлер мұндай дүниелерді күмістен соғады. Өйткені бұл металдың өзіндік қасиеті бар. Әрі тот баспайды, ұстаған сайын жалтырай түседі. «Тіпті сұқ көзден сақтап, тәннің сауллығына қызмет етеді», – дейді білетіндер.

Күміске тіпті әйел заты тұрмақ ер азаматтар да құмар екен. Шеберлерге жүзіктің сан түрінен тапсырыс беріп жатады өйткені. Бұл да қалыпты үрдіс болса керек. Себебі кезінде атқа мінген қазақ ер-тұрманын, тобылғы қамшысын күміспен безендірген емес пе?!

Ертай Сәрсеновтің шеберханасында тыным жоқ. Зергер мұғалімдік жұмысынан босай сала күмістен түйін түюге кіріседі. Қазір де кезекті тапсырысты орындап жатыр. «Тұтынушылардың талғамы биік», – дейді. Сол үдеден шығу үшін біраз уақытты сарп етуге тура келеді.

Ертай Сәрсенов, зергер:

- Сапалы дүние алу үшін шебердің өзіне тапсырыс беру керек. Кейін өзі тағады, ұрпақтарға қалады, келіндерге қалады. Көбіне әжелер сөйтіп қалдырады ғой. Өзіміз де алғаш жасаған жүзігіміз қолымызда жүр, міне. 16 жыл болды.

Күміс бұйымдардың пайдасы бағзыдан аян. Алайда уақыт өте келе құндылықтар өзгерген еді. Соған қарамастан күміс әшекейге деген қызығушылық қайта жанданды.

Ертай Сәрсенов, зергер:

- 1500 түрлі бактерия бар екен адамның ағзасына зиянды. Соның 700 түрін осы күміс залалсыздандырады екен. Күмістің бактерицидтік қасиеті бар. Тазалықтың белгісі бұл. Ата-бабаларымыз кезінде көп таққан осы әшекей бұйымдарды. Сондықтан мәдениетіміз біраз оянды ма деген өзімде ой бар.

Сұранысқа қарай шеберлер де әшекейлерді заманауи этно үлгіде жасай бастады.

Күміс әшекей бұйымдар қашанда қыз-келіншектер арасында сұранысқа ие. Ал қазір тіпті заманауи этно стильдегі түрлері нарыққа шығып жатыр. Ал ақ күмісті ұнатпайтындар үшін осындай алтын жалатылған сәндік үлгідегі сотуарларды сатып алуға болады.

Нарықта 7 жыл жүрген Гүлнұр Қондыбайқызы кейінгі кезде ер-азаматтар арасында да күміс бұйымдарға сұраныс артқанын айтады.

Гүлнұр Қондыбайқызы, кәсіпкер:

- Ер-азаматтарға арналған күміс бұйымдарымыз добалдау жасалған, қарапайым үлгіде болатын. Қазіргі дизайндары жаңарған. Бұл жерге ою-өрнектерді қосуға болады. Мысалы, бұл жерде өзіміздің белгілеріміз қосылған. Сосын әртүрлі тастармен әрлеуге болады. Ассортименттің көптігінен ер-азаматтар да өзін жоғары ортада ұстағысы келеді. Сосын ер-азаматтарға күміс тағу сүннет болып табылады.

Әлемде күміс қымбаттап жатыр. Десе де қазақы шеберлердің көздегені басқа. Бағаны шарықтату емес, халық арасында күміс бұйымдардың маңызын арттыру. Ұрпақтан ұрпаққа мирас болар дүниеге айналдыру.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ғалымжан Абділахат, Бағдат Қайыркен