Павлодарда «Оюлар сөйлейді» сән көрмесі өтті
Дизайнерлер ұлттық киімді заманға сай ыңғайлап, күнделікті киюге қолайлы үлгісін ұсынған. Маманда ...
Бүгін бокстан әлем чемпионатының жеңімпаздары елге оралды , деп хабарлайды 24kz.
Сербияның Ниш қаласында қыздар арасында өткен жарыста ел мерейін асқақтатқан арулар таңертең Алматыға келіп қонды. Оларды жақындары мен жанкүйерлері ыстық ықыласпен қарсы алды.
Алматы әуежайында таңнан қарбалас. Құшақ-құшақ гүл ұстаған боксшы қыздардың ет жақындары ұшақтың қонуын тағатсыздана күтті. Әлем біріншілігінде шеберлігін көрсеткен қазақтың қайсар қыздары мықтылығын тағы дәлелдеді. Әсіресе, Назым Қызайбайдың еңбегі ерен. Ол әйелдер боксының тарихында үш дүркін әлем чемпионы атанған тұңғыш спортшы.
Назым Қызайбай, бокстан үш дүркін әлем чемпионы:
- Менің мақсатым болған, арманым болған. Сол арманыма жеттім. Жарыс оңай болмайды. Бұл жерде ең қиыны жаттығулар, дайындаламыз. Әлемдік додада оңай қарсылас жоқ.
Дарынды спортшы Алуа Балқыбекова да көк туды көкке көтерді. Бұған дейін әлем біріншілігінің қоласын мен күмісін жеңіп алған ол бұл жолы жанкүйерлерін алтынмен қуантты. Алтынға апарар жолдың оңай болмағаны анық.
Алуа Балқыбекова, бокстан әлем чемпионы:
- Қаншама жыл, қаншама еңбек. Жанкүейерлерге де үлкен рахмет айтқым келіп отыр. Әрдайым қолдап, жігер беріп отырған. Бұл жарыстардың барлығы біздің Лос-Анджелеске 2028 жылға дайындығымыз.
Үшінші алтынды Аида Әбікеева алды. Ал күміс медаль иеленген Виктория Графеева мен Елдана Талиповалар алдағы додаларда топ жаруға ниетті. Наталья Богданова үшінші орыннан көрінді.
Долкунжан Камеков, әйелдер боксынан Алматы қаласының аға жаттықтырушысы:
- Дайындық жақсы болды, оған енді коллективке, біздің мына медицина, массажистер, құрама командадағы жалпы жаттықтырушылар келді, солармен дайындық, жалпы өзгеріс бар.
Айта кетейік, Сербиядағы әлем біріншілігіне 51 мемлекет қатысты. Қазақстан құрамасы 3 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль еншілеп, жалпы есепте екінші орынға тұрақтады.
Авторлары: А.Садуақас, Сұлтан Бейсекенов