Шекара маңындағы аудан тұрғындарының жалақысы 50% артады
Елде шекара маңындағы аумақтарды дамыту бойынша жеке заң әзірленеді, деп хабарлайды 24kz. Бұл құжат Мемлек ...
Елде шекара маңындағы аумақтарды дамыту бойынша жеке заң әзірленеді, деп хабарлайды 24kz.
Бұл құжат Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қабылданбақ. Сонымен қатар экономиканың нақты секторын қаржыландыру көлемі артады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді. Бұл шекара маңындағы елдің үйін жанға, қорасын малға толтыруға тиіс.
Арман Балтабайұлы, жүргізуші:
- Бірақ барлық мәселені шешуге бюджет жеткілікті ме? Ондағы тұрғындардың үлкен қалаларға ағылуын қалай тоқтатамыз? Бұған дейін шекара маңындағы аудандарды дамыту бойынша бірнеше бағдарлама қабылданып, жол карталары жасақталған болатын. Олардың жұмысы тиімсіз болуына не себеп?
Серік Селеубайұлы, тілші:
- Жалпы еліміздегі 17 өңірдің 14-і шекаралық аймақта орналасқан. Ал нақты шекара маңында, яғни, қызыл сызықтан 50 шақырым қашықта 1366 елді мекен бар. Дәл осы 67 ауданда екі миллионға жуық халық тұрады. Осы аймақтарды дамыту мақсатында 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдама әзірленген. Сонымен қатар 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасы да бар. Бірақ бұл аймақтардың халқы жыл санап кеміп келеді. «Оған тұрғындардың қарапайым өркениеттің жемісін көре алмай отыруы себеп», - дейді Мәжілістегі аграрлық комитет төрағасы Серік Егізбаев.
Серік Егізбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- «Ауылдың тұрғындары жеткіліксіз болса, мысалы 1000-нан аз болса, ол жерге аурухана салмаймыз», — дейді. Әлде кітапхана салмаймыз, мектеп салмаймыз. Енді 1000 адам тұрып жатыр. мүмкін ол көбейе ме, азая ма, ешкім білмейді. Бірақ та қағаз жүзінде салынбайды деп қойды. Ол бір тараптан дұрыс та болар. Бізде енді көп қой осындай, перспективасы жоқ деп айтатын ауылдар, иә? Ауылдан көшіп кетіп жатыр. Ал мына шекарадағы тұрған сондай ауылдарға мүмкін басқаша көзқарас болуы керек пе? Жалпылама стандарттарға сыймаса да, мүмкін ол жерде аурухана салу керек, кітапхана салу керек, мектеп салу керек, балалардың жағдайын туғызу керек.
Әріптесінің сөзін депутат Мақсат Толықбай да қуаттайды. Дегенмен, қаражат бөлініп, бұл мекемелер салынған күннің өзінде, шалғайдағы ауылдарға білікті маман тарту мәселесі де бар. «Ол үшін азаматтарды шекаралық аймақта қызмет етуге ынталандыру керек», - дейді ол.
Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ең оңай отаның түрі ғой соқырішек деген мысал үшін. Содан өліп кетіп жатқандар өте қиын. Ешкімді сен күштеп ұстай алмайсың ауылда. Сондықтан бірінші кезекте қосымша шекаралық аймақта орналасқан елді мекен халқының табысына коэффициент төлеу мәселесі. Заң жобасында осы мәселені көтереміз. Екіншіден, республикалық бюджеттен жеке қаржыландыру. Инфрақұрылым дамыту, қосымша жұмыс орындарын ашу. Өйткені оның барлығын дамытуға жергілікті бюджеттің шамасы жетпейді.
Шалғайдағы жұрт үшін бұл мәселелер шынымен де өзекті. Ішер су мен сапалы жолға жете алмай отырған ауылдар қаншама?! Сондай елді мекендердің біріне аймақтағы әріптестеріміз барып келген болатын.