• 19-03-2025

Сарысуда жаңару күнінде бір мезетте 27 мың түп тал егілді

Наурыз мерекесіне арналған 10 күндік іс-шаралар аясында Жамбыл облысы Сарысу ауданы Сорбұлақ аймағына бір мезетте 27 мың тал отырғызылды, деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Тал – бейбітшілік нышаны, нәзік табиғатты қорғаудың жарқын үлгісі, қоршаған ортаны қорғаудың басты көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:

"Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды", — деп ерекше атап көрсетті.

Ағаш отырғызу
Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Осы орайда, Наурыз мерекесіне арналған 10 күндік іс-шаралар аясында 19 наурыз – "Жаңару" күні ерекше қарқында аталып өтті.

Ауданымыздың іргелі кәсіпорны Qazaq Soda компаниясының ұйымдастыруымен Сорбұлақ аймағына бір мезетте 27 мың тал отырғызылды. Бұл — өлкеміздің жасыл аймаққа айналуына жасалып жатқан үлкен қадам.

Ағаш отырғызу
Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Аталмыш шара экологиялық бастама өңірдің табиғатын көгалдандыруға, экожүйені жақсартуға және тұрғындарды қоршаған ортаны аялауға шақыруға бағытталған. Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Жанғозы Жаркенов, "Қазақсода" ЖШС-нің өндіріс саласы бойынша директоры Фаттах Ақсу, Сарысу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлбике Сәлімова және “Қазақсода” ЖШС қызметкерлері белсенді түрде қатысты.

Ағаш отырғызу
Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Игілікті шарада аудан әкімінің орынбасары Жанғозы Жаркенов құттықтау сөз сөйлеп, тал егіп, табиғатты аялаудың маңыздылығына тоқталды. Жиналғандарды Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, елімізге амандық тіледі. Сонымен қатар "Қазақсода" ЖШС өндіріс саласының директоры Фаттах Ақсу аталмыш шараның маңыздылығын айтып, компанияның мақсат міндеттемелері туралы айтып өтті.

Ағаш отырғызу
Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Шараға қатысушылар бірліктің үлгісін көрсетіп, белсенділік танытып, тал егу жұмысына құлшына кірісті.

Тал егу – табиғатты қорғаудың, оны сақтап қалудың, болашақ ұрпаққа таза әрі жасыл әлем қалдырудың бірден-бір жолы. Осылайша ұрпақтар сабақтастығын жалғаған игілікті шара өз жалғасын таба бермек.