
Құттықтауда "Happy Nauryz! Greetings from Kazakhstan!" деп жазылған.
Қазақстан Нью-Йорктің Таймс-сквер алаңында АҚШ тұрғындарын Наурыз мерекесімен цифрлық форматта құттықтады. Алаңдағы цифрлық экранда "Happy Nauryz! Greetings from Kazakhstan!" деп жазылған. Бұл жобаны қазақстандық Grey Cardinals PR агенттігі жүзеге асырды.
Жоба америкалықтардың қазақ мәдениеті мен дәстүрлеріне қызығушылығын арттыруға бағытталған. Құттықтау Таймс-скверде 3 күн бойы көрсетіліп, әлем назарына ұсынылады.

Оқи отырыңыз: Алиса наурыз мейрамына қатысты танымдық мәліметтермен байытылды
"Біз Қазақстанды жаһандық деңгейде танытуды мақсат етіп отырмыз, ал Наурыз – осы үшін тамаша мүмкіндік. Бұл мереке тек жаңаруды ғана емес, сонымен қатар ұлттық бірегейлікті, қонақжайлықты және дәстүрлерге деген құрметті білдіреді. Біз елімізді әлем мегаполисінің қақ ортасында таныстырдық", – делінген компанияның хабарламасында.
Айта кетейік, Grey Cardinals – Қазақстан мен Орталық Азиядағы коммуникация, беделді басқару және брендтерді ілгерілету саласына маманданған PR агенттігі. Биыл ол өз қызметінің 10 жылдығын атап өтуде.