• 19-03-2025

Астанадағы "Елорда Құрылыс Компаниясы" бөлімінің басшысы 10 жылға сотталды

Астана қаласы әкімдігіне ведомстволық бағынысты "Елорда Құрылыс Компаниясы" ЖШС бөлімінің басшысы сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен "Елорда Құрылыс Компаниясы" ЖШС бөлім басшысы Б.Қ. Базарбекке қатысты үкім шығарды.

Ол мердігерлік ұйым директорын Астанада көппәтерлі тұрғын үй кешенін салу шарты бойынша аванс төлеп, сметаны ұлғайту мақсатында "Елорда құрылыс компаниясы" ЖШС басшылығына 103 млн теңге сомасында пара беруге итермелегені үшін әрі алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Базарбек 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрқайсысы кінәсіз деп есептеледі.