Жеңісті Берлинде қарсы алған сарбаз сұхбат берді
Екінші дүниежүзілік соғысқа Қызылорда облысынан 150 мың сарбаз аттанып, олардың тек 60 мыңы ғана елге оралд ...
Ұлттық құрылтайдағы сүбелі тақырыптың бірі – елдің экономикалық дамуы. Президент артта қалған аймақтардың өркендеуіне жол ашатын жаңа жобаларды қолға алу қажеттігін айтты.
Осы арқылы өңірлер дамуындағы теңсіздікті жою туралы сөз қозғады. Бұл бағытта Үкіметке нақты тапсырма берді. Мәселен, биыл экономиканың нақты секторына салынатын қаржы екі есе ұлғаюы тиіс. Яғни 8 трлн теңгені еңсеруі керек. Үкімет бизнесті қолдауға және инфрақұрылымдық жобаларды іске қосуға ерекше назар аударады. Себебі бұл жобалар өңірлерді өркендетудің ең басты құралына айналмақ.
Иә, Ұлттық құрылтайда әлеуметтік және мәдени-рухани құндылықтармен қатар экономиканы дамыту мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Қазір өңірлер дамуындағы теңсіздікті жою Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет болып отыр. Осы бағытта, әрине, арнайы жоба-жоспарлар бар. Бұл жоспар халықтың әл-ауқатын көтеріп, тұрмысын жақсартуды көздейді. Мысалға, ел тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етуді алсақ, қазір ауылдағы ағайынның 97,8%-і орталықтандырылған желіден су ішіп отыр. Ендігі мақсат жыл соңына дейін 733 ауылға құбыр тартып, 100%-тік межені бағындыру.
Сапарбай Жобаев, экономист:
- Өңірлеріміздің географиясы, жерасты байлығы әртүрлі ғой. Сондықтан оларды макроэкономикада экономикалық бәрі тең болсын деу қиын. Бірақ олардың әлеуметтік жағдайы тең болуы керек. Ал енді бизнесті дамытатын болсақ, Қарағандыда металл бар, көмір бар, оны дамытуға, шығыста, мәселен, өте үлкен кен орындары бар, Атырауда. Оларды біз дамытуымыз керек. Сондықтан экономикалық әртүрлі болуы мүмкін өңірлер. Бірақ халықтың әлеуметтік жағдайын теңестіру – бұл мемлекеттің ісі.
Иә, экономист атап өткендей, ауылдағы тұрмыс қаладан жұпыны болмауға тиіс. Жылу, су, электр энергиясы мен газ сынды дәуір игілігі қолжетімді болғаны керек. Газ демекші, кейінгі жылдары елде газдандыру жұмысы қарқын алды. Қазір 12 млн-нан астам отандасымыз көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Былтыр 1700 шақырымнан астам газ желісі тартылды. Биыл тағы 45 жоба жүзеге асады. Сөйтіп, жыл соңына дейін 12 млн 400 мың адам газға қосылмақ. Ал газдандыру деңгейі 62%-ке жетеді деген жоспар бар. Тағы бір айтып өтері, инфрақұрылымдық жобалармен қатар кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөлген жөн. «Бұл аймақтарды дамытудың тиімді құралы», – дейді Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов.
Айтуар Қошмамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Батыс аймақтар қазір мұнай мен газға байланып отыр. Тіпті кез келген отбасында бірнеше адам, бір немесе бірнеше адам мұнай және газ саласында жұмыс жасайды. Егер ол мұнай бітіп жатса немесе ол компания жабылып жатса, тиісінше олардың жұмыс орны болмай қалады. Сондықтан енді диверсификация деген сөз бар. Содан кейін шағын және орта бизнесті дамыту. Кез келген дамыған елде шағын және орта бизнес, ол ішкі өнімнің жартысына жуығын немесе одан да көбін алып келеді.
Иә, батысты айтқанда, жол сапасы ойға оралады. Елдегі ең нашар жолдар батыстағы үш облыста. Қазір елде 70 мың шақырым жол бар. Көлік министрлігінің ақпараты бойынша бұл жолдардың 87%-і нормативтік талапқа сай. Өңірлер арасында қарастырсақ, 98%-пен Жамбыл облысы көш бастап тұр. Бұдан кейін Маңғыстау мен Павлодар облыстары орналасқан. Ал Батыс Қазақстан облысындағы жолдардың 52%-і ғана жақсы. Сонымен қатар Ақтөбе мен Атырау облыстарында жол жағдайы айрықша назарды қажет етеді. Бір тәуірі, кейінгі жылдары елде жол құрылысы жанданды. Былтыр 12 мың шақырым жол жөнделді. Ал биыл 13 мың шақырым жолда түрлі жұмыстар атқарылмақ.
Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:
- Жалпы енді биылдың өзінде Қалбатау-Майқапшағай, Қызылорда-Жезқазған сияқты жолдардың жұмысы жалғасып кете бермек. Мына батыстағы Подстепное-Федоровка деген жол бар, осы жолдардың көбісі басталады және де сонымен қатар бірнеше жаңа жобалар да басталады. Қарағанды-Жезқазған жолы биыл басталады және жоспарға сәйкес осы жол құрылысы маусымы, яғни күн райы жылыған сәттен бастап биылғы жылғы жобалардың тізіміне енді, жаңа жобалардың ішіне.
Президент құрылтайда жол мәселесіне баса мән берді. Көлік-логистикалық әлеуетті арттыру жөнінде айтты. Себебі алысты жақындататын жол жақсарса, экономика да жандана түспек. Сауда-саттық ұлғайып, барыс-келіс артады. Осы мақсатта Астанадан батысқа апаратын жол салынады. Бұл жол Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы өтіп, Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне қосылады. Сондай-ақ Үкімет жақын уақытта даму жағынан артта қалған өңірлерді анықтауға тиіс. Соған сәйкес арнайы тұжырымдама әзірленеді. Ал экономист Сапарбай Жобаев: «Жергілікті жердегі әлеуметтік салаға мемлекет қаржысынан бөлек, ірі кәсіпорындарды барынша тарту қажет», – дейді.
Сапарбай Жобаев, экономист:
- Ірі кәсіпорындар, мәселен, өте үлкен табыс табатын, олар да сол жаңағы білімге, ғылымға, жолға, әлеуметтік жолға ақша бөлсе болады. Мына дамыған мемлекеттерде сондай. Мәселен, неге жұрттың бәрі Калифорнияға барып жасағысы келеді? Себебі ол жерде «Майкрасофт», «Аппель», өте күшті компаниялар бар да, солар бүтін барлық жаңағы инфрақұрылымын өте жақсы жайнатып қойған.
Экономистің пайымдауынша, халық саны аз, экономикасы артта қалған аймақтарды дамытудың төте жолы – кәсіпорындардың жауапкершілігін арттыру. Яғни әр кәсіпорын жергілікті жердегі денсаулық сақтау, білім беру, басқа да инфрақұрылымға қаржы салуға міндеттелуі керек. Тіпті шағын және орта бизнеске несие беруді қолға алса да, артық емес. Материалдық игілік халықтың көбірек көшіп келуіне жол ашады.