• 21-03-2025

Қазақ-өзбек Сыртқы істер министрлерінің тұңғыш кеңесі өтті

Қазақстанмен Өзбекстан геология саласында біріккен жобалар жасауға келісті.

Ал 2030 жылға дейін өзара тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізуге мүдделі. Хиуа қаласында екі ел сыртқы істер министрлерінің алғашқы кеңесі өтті. Ведомства басшылары барлық сала бойынша байланысты тереңдетуге келісті. Арнайы хаттамаға қол қойылып, келесі кеңес тамыз айында Бурабай төрінде өтетін болды.

Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Өзбекстандағы екі күндік сапары көне шаһарды тамашалаудан басталды. Бір кездері Орталық Азиядағы өркениеттің өзегі болған Хиуа, бүгінде тарихтың қазынасын ішіне бүгіп жатқандай. 26 гектар аумақта көне шаһар баз қалпында сақталған.

Өзбекстанның сыртқы істер министрі Бақтиер Саидов тұңғыш кеңестің Хиуада өтуінің өзіндік сыры барын айтты. Ұлы жібек жолы тұсында Хиуа дипломатия мен сауда саттықтың орталығы болған. Қазақ үшін де көне шаһар бөтен емес. Бекет ата, Қоңыр сопы сияқты тарихи тұлғалар осы жерден тәлім алған. Екі елдің байланысының бүгінгі келбеті көз қуантады. Былтыр сауда саттық көрсеткіші 4 жарым млрд долларға жетсе, 2030 жылы көрсеткішті 10 млрд долларға апару мақсаты тұр.

Иран Шархан, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары:

- 78 жоба бойынша 220 млн 12 жоба іске асырылды. 2030 жылға қарай толығымен іске асырылатын болады.

Қазақстан Өзбекстанның еуропа нарығына шығатын негізі әрі жалғыз дәлізі. Ал біздің ел Өзбекстан аумағы арқылы Ауғанстан, Пәкістан, Үндістанмен сауда саттық жасайды. Екі елді байланыстыратын тағы бір сала, ол трансшекаралық сулар. Бұл бағытта да келісім аясында, өзара түсінік қалыптасқан. Қазақстанда өзбек кәсіпкерлерінің қатысуымен 1400 кәсіпорын жұмыс істейді. Ал бұл елде қазақ капиталы құйылған компания саны 1082-ге жетті. Сыртқы істер министрлерінің бірінші кеңес қортындысы бойынша арнайы хаттамаға қол қойылды.

Бобур Усманов, Өзбекстан Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Қазіргі күні екі ел арасында шешілмей тұрған түйін жоқ. Күн тәртібінде қаралатын сұрақтар бар. Бастысы екі жақты сенімнің арқасында көп жұмыстар атқарылды. Болашаққа жоспарланған жобаларымыз көп. Ведомствалар өзара келісіп, кедергілерді жоюға күш салады. Қазақстан біздің негізгі сауда серіктестеріміздің бірі. Бауырлас, көршілес елдер арасында қауіпсіздік саласы бойынша байланысымыз бекем. Ал бұл көп нәрсені аңғартса керек.

Дулат Нуркин, тілші:

- Келелі кеңесте аймақтағы геосаяси жағдайлар да сөз болды. Шынын айту керек, қазір Орталық Азияның сыртқы саясатында қолайлы климат қалыптасқан. Бұл әлбетте мемлекет басшыларының өзара түсіністігінің жемісі. Жуырда Қырғызстан мен Тәжікстанның территорияға қатысты көп жылға созылған дауға нүкте қойылғаны белгілі. Бұл айтулы оқиға көрші мемлекеттер арасындағы достық пен байланыстың бекемдеуіне серпін берері анық. Ал сыртқы істер министрлерінің келесі кеңесін Бурабай төрінде тамыз айында өткізу жоспарлап отыр.

Дулат Нуркин