• 23-03-2025

БҰҰ штаб-пәтерінде Наурыз мейрамы тойланды

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз !

Наурыз мейрамы Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде де тойланды. Онда көптеген елдердің тұрақты өкілдері жиналып, салтанатты іс-шара өтті. Бұл мейрам – түбі бір түркі елдерінің ғана емес, тұтас әлемнің айтулы күніне айналған.

Біріккен ұлттар ұйымының штаб-пәтерінде бүгін — мерекелік думан. Әр елдің ұлттық музыкалық аспабынан әуен ойналып, ән шырқалып, ортақ мейрам – әз-Наурыз салтанат құрып тұр. Шара барысында ұлыстың ұлы күнінің тарихы, тағылымы және мән-маңызы баяндалды.

Қайрат Омаров, Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты өкілі:

Биылғы Наурыздың тойлануы ерекше мәнге ие, өйткені ол Орталық Азиядағы тарихи оқиғамен тұспа-тұс келді. Яғни, Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы мемлекеттік шекара туралы шартқа қол қойылуы, ондаған жылдар бойы жалғасқан күрделі келіссөздердің аяқталуын білдіреді. Бұл маңызды жетістік Наурыздың нағыз рухын көрсете отырып, табанды диалог, өзара құрмет және жақсы ниетпен ең ұзақ мерзімді дауларды шешуге болатынын дәлелдейді.

Іс-шараның мәдени бағдарламасында Қазақстан атынан студент Аманмырза Жүсіпхан өнер көрсетті. Ол Құрманғазының «Балбырауынын» және Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйлерін орындады.

Амина Мохаммед Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысының орынбасары:

Біздің әлемімізде қақтығыстар, бөліну және жанжалдар үстемдік еткен уақытта, Наурыздың мәні – бұл бізге жол көрсететін қымбат сый, ол бізді бірлікті нығайтуға, бейбітшілікке, диалог пен өзара құрметке жетелейді, табиғатпен үйлесімді өмір сүруге ұмтылуға шақырады.

Мұнда Наурыз мейрамын тойлау — дәстүрге айналған салтанатты шара. Оннан аса елдің өкілдері жиналып, ұлыс күнін ұлықтайды. Жалпы, әлемде 300 миллионнан аса адам үшін Наурыз – тарихтан тамыр тартқан төл мейрам. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде осындай шараның жыл сайын ұйымдастырылуы, мейрамның мәні мен сәнін одан әрі арттыра түсіріп жатқаны анық.

Жалғас Сәдібекұлы