• 26-03-2025

Таразда «Достастық жәрмеңкесі» өтеді

Тараздағы «Достастық жәрмеңкесіне» 2 мыңнан аса адам қатысады, деп хабарлайды 24KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінде жәрмеңкені Әулиеата жерінде өткізуді ұсынған еді. Ал тарихи шаһар мұндай ауқымды шараны өз деңгейінде өткізуге дайын ба? Не көрсетпек? Шараның шаһарға берері бар ма?

«Достастық жәрмеңкесінің» Таразда өтетіні бекер емес. Себебі көне шаһар – 2022 жылы дүнежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне кірген елдегі жалғыз қала. Оған Айдархан Қалиевтің тікелей септігі бар. Шебер 12 жыл бұрын алғаш киізден киім тігіп, Еуропадағы сән апталығына қатысқан. Сонда дүниежүзілік қолөнершілер қоғамының өкілдері байқап, қызығушылық танытқан. «Алдағы шара да Тараздағы қолөнер мен туризмді жаңа деңгейге шығарады», – дейді дизайнер.

Айдархан Қалиев, Дүниежүзілік қолөнершілер қоғамы Азия-Тынық мұхит аймағының вице-президенті:

- Осы өтетін іс-шара, құдай қаласа, ол туризмді де дамытатын сияқты. Жергілікті қолөнершілер сол ТМД-дан келген қолөнершілермен байланыс болып, тек қан бір-бірімен тәжірибе алмасу емес, біздің қолөнершілер ол жақтан өздеріне «сбыть» дейді ғой. Өздерінің заттарын дайындап сол жаққа сатуға мүмкіншілік бар. Адамдар келгеннен кейін Таразды көргісі келеді бар жағынан. Гастрономия болсын, сол жақтан максималды көрсетіп, сол іс-шарадан қалаға бір жақсы із қалу керек.

Таразда қолөнер қарқынды дамып келеді. Мәселен, 2022 жылы шаһарда 70 шебер болса, қазір 400-ге жуықтады. Халықаралық шараға Раушан Құндызбаева бастаған бірлестік өкілдері қызу дайындық үстінде. Құрақшылар жүннен текемет тоқып, сырмақтың түр-түрін әзірлеп жатыр. Кесеқап пен киім, шәлі мен сөмке жасап жатқандары да бар. Ең бастысы іс-шараға арнап көлемі 200 шарты метр болатын кілем тоқымақ.

Раушан Құндызбаева, «Қолөнер-Тараз» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

- Үлкен шара болғандықтан, соған күні-түні дайындалып жатыр барлығы. Өздерінің жаңағы топтық жұмыстарымыз бар, әр адам өзінің жұмысын шығару керек, көрсету керек. Жамбыл облысының әкімшілігі сол Гиннес кітабына сондай ұсыныс тастады. Біз соны орындаушымыз. Біздің қалада 4 ұжым бар ғой. Сол ұжымның шеберлері жүнмен жұмыс істейтін адамдармен жаңағы сол затты алып шықпақпыз.

Ауқымды жәрмеңкеге 9 елден 2 мыңнан аса қатысушы келеді. Жалпы 4 бағытты қамтитын шаралар ұйымдастырылмақ. Аргосала бойынша жәрмеңкеге соңғы жылдары жеткен жетістіктер қойылады. Қолөнершілер көрмесінде әр ел өзінің ұлттық өнері мен құндылықтарын көрсетеді. Ал Достық фестивалінде достастық елдер ұлттық ас мәзірін ортаға салады. Одан соң инновациялық жобалар көрмесі де ұйымдастырылады.

Гүлнұр Жорабекова, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл жәрмеңке мемлекетаралық сауда-саттық пен тауар айналымын күшейтуге әсерін тигізбек. Инвестиция, агрокешен мен цировизация саласында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Әрі тарихы терең Тараз қаласының мәдениетін таныстыруға мүмкіндік алып отырмыз.

Іс-шара аясында ғылыми-практикалық конференциялар да өтпек. «Мұндай ауқымдағы жоба тек экономикалық байланысты нығайтып қана қоймай, мәдени сабақтастықты да арттырады», – дейді жауаптылар.

Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә