• 29-03-2025

Аида Балаева «Қазақфильмге» қатысты дауға пікір білдірді

Бірнеше айдан бері басынан бұлт тарқамаған қазақ киносының қарашаңырағына қатысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ойын жеткізді. Ол мәдениет қызметкерлерін қауесетке ілеспей, шынайы ақпаратқа ғана жүгінуге шақырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ең алдымен министр «Қазақфильм» жерінің сатылуы жөніндегі ақпараттың жалған екенін мәлімдеді. Ол жердің киностудия иелігінде қала беретінін және кинематография мүддесі үшін пайдаланылатынын айтты.

Екінші, Киностудияны жөндеуге қомақты қаржы салуға дайын инвесторлардың бар екені туралы сөзге қатысты жауап жазды.

«Бұл ақпарат қоғамда кең тарап жүр, алайда мұндай мәлімдемелерді құжаттармен немесе нақты кепілдіктермен растай алмайтын адамдар жасап отыр. Мемлекет, яғни Мәдениет және ақпарат министрлігі нақты инвесторлармен жұмыс істеуге дайын. Дегенмен әзірге ешқандай нақты ұсыныс, бірде-бір кепілдік хаты жоқ. Барлығы тек әңгіме деңгейінде», деді бұл турасында министр.

Үшінші, «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін Астанаға көшіру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын, оның жұмыс сапасына кедергі келтірмейтінін мәлімдеді.

«Өкінішке орай, кейінгі бес жылда елімізде сапалы анимациялық фильмдер түсірілген жоқ. Осыған байланысты анимациялық индустрияны Креативті индустриялар қорының аясында дамыту орынды болмақ. Қор құрылымында анимацияны дамытуға бағытталған креативті хаб жасақталып жатыр», деді А. Балаева.

Бұған қоса Президент қол қойған жаңа заңға сәйкес елімізде фильмдерді қаржыландырудың жалпы көлемінің кемінде 30%-ы жыл сайын тікелей «Қазақфильмге» бағытталатыны айтылды.Сондай-ақ мемлекеттік қолдауға ие болатын киножобаларды іріктеудің жаңа ережелері бекітілгені расталды.

«Демеушілерді тартудың арқасында киностудияда соңғы 15 жылда жүргізілмеген жөндеу жұмыстары басталды. Бұл – инфрақұрылымды жаңғыртудың алғашқы кезеңі. Әрине, әңгіме әзірге күрделі жөндеу туралы емес, бірақ бұл – «Қазақфильмде» жұмыс істеу үшін қалыпты жағдай жасауға бағытталған нақты қадамдар. Атап айтқым келетіні, «Қазақфильм» тек кинотуындылар ғана емес, ең алдымен – шаруашылық жүргізуші компания және бәсекеге қабілетті нарық қатысушысы. Ол жоғары кәсіби киноөнердің дамуына лайықты жағдай жасайды. Сондықтан Министрлік бұл кәсіпорынды режиссёр немесе актёр емес, киностудия қызметін табысты әрі тиімді жүргізуге қабілетті кәсіби менеджер басқаруы тиіс деген қағиданы берік ұстанады.«Қазақфильмнің» тұрақты әрі тиімді дамуын қамтамасыз ету үшін Министрлік жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыра береді», деді А. Балаева.