
Ұлытау өңірінде театр іргесі 1985 жылы Қуыршақ театрының құрылуымен қаланды. 1988 жылы Торғай облысының таратылуына байланысты Серке Қожамқұлов атындағы драма театр Жезқазған қаласына қоныс аударады.
Мұнда драма және қуыршақ труппасы бар. Биыл Қуыршақ труппасының құрылғанына 40 жыл толады. 1985 жылы 9 мамырда Қуыршақ театры болып ашылған. Бүгінгі таңда театр шетелдік мамандарды шақырып, іргелі бастаманы қолға алып жатыр. 40 жылдыққа байланысты мектеп оқушылары арасында «Қуыршақ әлемі – балалар көзімен» атты облыстық сурет байқауын жариялағалы отыр. Жақында барлық мектептерге осы байқаудың ережесін жолдайды.
Өткен жыл өнер ұжымы үшін 200-ден аса көрсетілім ұйымдастырған табысты жыл болды. Жаңа алты спектакль көрсетілді. Оның ішінде сәтті спектакльдің бірі Рақымжан Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс», мектеп оқушылары арасында үлкен қызығушылық тудырған Георг Бюхнердің «Войцек» спектаклі. Қойылымның режиссёрі – ақтөбелік Мейрам Хабибуллин. Бұл спектакль 2024 жылы фестивальға қатысып, жақсы бағаланды. Қазақстан театрлар қайраткерлері одағының қорытындысы бойынша «Войцек» спектаклінің режиссёрі Мейрам Хабибуллин «Жылдың үздік режиссёрі» атанды. Қазақстан театрлары ассоциациясы қорытындысы бойынша осы қойылымда басты рөлді сомдаған Нұржан Бейісбек «Жылдың үздік актёрі» аталымының жеңімпазы атанды.
Өткен жылы театрға белорустық мамандар келіп жұмыс істеді. Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романы бойынша «Макондо» қойылымын ұсынды. «Макондо» спектаклі осы сәуір айында Қызылорда қаласында өтетін халықаралық фестивальда бақ сынайды.
«Театрымыз сыншылар бірлестігімен тығыз қарым-қатынаста. Жаңа қойылым дайындау кезінде Алматы, Астана қаласынан кәсіби театр сыншыларын шақырамыз. Олар біздің театрға талдау жұмысын жүргізеді. Өткен жылы облыс бойынша қамтыған көрермендер саны – 42500 адам болса, соның 8000-ға жуығы жастар екен. Демек, жас ұрпақтың театрға деген қызығушылығы артып келеді» дейді Серке Қожамқұлов атындағы Ұлытау облысы қазақ музыкалық театрының директоры Сәкен Досхан.
Ауыз толтырып айтатын жаңалық, театр 2025 жылға шетелде өнер көрсетуге шақырту алып отыр. Бүгінгі таңда өнер ұжымы шетелдік сапарды ұйымдастыру мәселелерін қолға алды.
Ұлытау облысы