
Халықаралық театр күні қарсаңында Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры төрінде жыл сайын аталып өтетін әдемі дәстүр биыл да жалғасын тапты. Наурыз айының 21-27 күндері аралығында өткен «Қаллеки тынысы» спектакльдер шеруіне театр сахнасында бір жыл аралығында қойылған жаңа спектакльдер қатысып, сарапшылар талқысына түсті.
Елорда көрермендерін Қаллеки театр өнерінің үздік үлгілерімен таныстыруды мұрат еткен айтулы сахна думанына биыл жеті спектакль қатысты. Атап айтсақ, олардың қатарында М.Әуезовтің «Қарагөз» (режиссері – Гүлсина Мирғалиева), Жәнібек Әлікеннің Махаббатым – сен» (режиссері – Бәзіл Сұлтанғазы), италия драматургі Эдуардо де Фелиппоның «Әйел құпиясы» (режиссёрі – Болат Ұзақов), «Ертегі түннің әуені» (режиссёрі – Олжас Дәлелхан), Георг Бюхнердің «Войцек» (режиссёрі – Ұлан Қабыл), Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» (режиссёрі – Гүлсина Мирғалиева) және Пьер де Бомаршенің «Фигароның үйленуі» (режиссёрі – Нұрлан Жұманиязов) қойылымдары бар.
Бір апта бойы сахна мамандарынан құралған сарапшылар алқасы театр тынысына ден қойып, спектакльдердің толық талдауын жүзеге асырды. Сонымен бірге көрермендер де атаулы өнер мерекесінен қалыс қалмай, театр фойесіне қойылған сауалнаманы толтырып, сүйікті актёрлері мен спектакльдеріне дауыс беріп, өз таңдауын жасау мүмкіндігіне ие болды. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан үздік жұмыстарға арнайы аталымдар бойынша диплом мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Сонымен сарапшылар шешімі бойынша, «Театр тарланы» аталымындағы жүлде Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» психологиялық драмасындағы Бейтаныс рөлі үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуілге табысталса, «Үміт» сыйлығы Бейтаныс 2 (жармақ) бейнесі үшін Марғұлан Наменовке берілді. «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» аталымына Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясындағы Нарша рөлі үшін Бәзіл Сұлтанғазы, ал «Екінші пландағы үздік әйел рөлі» аталымындағы сыйлыққа Георг Бюхнердің «Войцек» спектакліндегі рөлі үшін Аяужан Малғаждарова лайық деп танылды. Пьер де Бомаршенің «Фигароның үйленуі» музыкалық комедиясындағы рөлі үшін Әнуар Бектас «Үздік актёр», Эдуардо де Фелиппоның «Әйел құпиясы» драмасындағы Филумена Мартурано бейнесі үшін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жанат Чайкина «Үздік актриса» атанды. Сондай-ақ сарапшылардың арнайы жүлдесімен Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» қойылымындағы Мөржан рөлі үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Майра Омар марапатталды. Ал көрермен таңдауы бойынша «Үздік спектакль» тұғырына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі, режиссёр Гүлсина Мирғалиеваның «Қарагөз» трагедиясы көтерілсе, Қарагөз рөлі үшін «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ақмарал Танабаева «Үздік актриса», «Парасат майданындағы» рөлімен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл «Үздік актёр» деп танылды.