Қ.Тоқаев пен Н.Пирц-Мусар Қазақстан-Словения бизнес-форумына қатысты
фото: akorda.kz Қасым-Жомарт Тоқаев пен Наташа Пирц-Мусар Қазақстан-Словения бизнес-форумына қатысты. Бұл ...
Қазақ кәсіпкерлері Араб Әмірлігіне көптеп өнім жөнелте бастады, деп хабарлайды 24kz.
Кейінгі бір жылда алыс-беріс ауқымы айтарлықтай ұлғайды. Былтыр ақпан айында құрылған Қазақстан мен Араб Әмірліктерінің іскерлік кеңесі осы шаруаны ілгерілетіп отыр. Оның құрамына экспортпен айналысатын барлық компания өкілдері кіреді.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің кәсіпкерлік және сауда палаталары арасында тығыз байланыс орнаған. Оның аясында былтыр Дубайда арнайы іскерлік кеңес құрылып, жұмысын бастады. Құрамына жергілікті және қазақстандық кәсіп иелері мен сарапшылар енген. Екі елдің өзара тауар айналымы мен инвестициялық серіктестігін серпінді етуге қос тарап күш салып келеді.
Әлібек Алмабеков, Қазақстан-БАӘ іскерлік кеңесінің тең төрағасы:
- «Атамекен» өкілі ретінде оларға толық қолдау көрсетеміз. Біріншіден, логистика, екіншіден, заңдылық тұрғыда. Егер кәсіпкерлер келіп, бизнес ашам десе, жолдарын көрсетеміз. Ірі супермаркеттермен жұмыс істеп, сонда қазақ өнімдерін шығарамыз.
Бірлестік Қазақстанның Әмірлікпен сауда-экономикалық және инвестициялық қатынасына тың серпін берді. Мамандардың айтуынша, өткен жылдың қазан айынан бері мұнда елімізден ондаған тонна пияз жеткізілді. Сиыр және тауық еті мен ұн, өсімдік майын экспорттау тәжірибесі де бар. Әзірге кей тауар үлгі ретінде тасымалданып жатыр. Бұған дейін қазақстандық ет қана жеткізіліп келген еді.
Навар Абдул Вахед, БАӘ «Eurasia» бизнес қауымдастығының бас атқарушы директоры:
- Қазақстаннан осы күні Әмірлікке ет өнімдері, минералды су, көкөніс және ұн әкелініп жатыр. Тасымалдың басым бөлігі әуе көлігімен жүзеге асырылса да, көрсеткіш ұлғайып келеді. Біздің бизнес-қауымдастық қазақстандық кәсіпкерлерді шығанақпен көбірек алыс-беріс жасауға шақырады. Келешегі мол бағыттың бірі ретінде қой еті экспортын айтуға болады. Бұл шаруада сіздерде тәжірибе де әлеует те жеткілікті.
Әмірлік асатын өнімдер ішінде минералды су да бар. Тасымалдана бастағанына көп бола қойған жоқ. Бизнес құрылым Дубайда өкілдік ашып, жергілікті дүкен желілерімен тікелей қатынас құрған. Бұған бір есептен іскерлік кеңес те себеп.
Әлібек Алмабеков, Қазақстан-БАӘ іскерлік кеңесінің тең төрағасы:
- Кеңестің басты мақсаты – қазақстандық кәсіпкерлерге көмектесу, оларды осы нарыққа шығару. Ауыл шаруашылығы өнімдерін супермаркеттерге таныстыру. Сол мақсатта әр ай сайын араб тараппен кездесу өткіземіз ай сайын. Соның арқасында біздің өнімдер Дубай нарығына шығып жатыр.
Іскерлік кеңес әмірлік инвесторларын енді Қазақстанға алып барып, Алматы және Астанада бизнес кездесу немесе форум ұйымдастырмақ. Оның барысында тараптар сауда-экономикалық байланыстарды тереңдету жолын қарастырады.
Авторы: Рауан Мыңбай