Қ.Тоқаев пен Н.Пирц-Мусар Қазақстан-Словения бизнес-форумына қатысты
фото: akorda.kz Қасым-Жомарт Тоқаев пен Наташа Пирц-Мусар Қазақстан-Словения бизнес-форумына қатысты. Бұл ...
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Наташа Пирц-Мусар БАҚ өкілдеріне брифинг өткізіп, келіссөз қорытындысы туралы баяндады.
Мемлекет басшысы Словенияны Қазақстанның Еуропа Одағындағы маңызды серіктесі әрі екі елдің қарым-қатынасы достық және өзара сыйластық рухында нығайып келетінін мәлімдеді. Оның айқын дәлелі ретінде – былтыр Любляна қаласында Қазақстан Елшілігінің ашылуын мысалға алды. Ал бүгінгі келіссөзде Қазақ-словен ынтымақтастығының аясы кеңейгенін, нақты уағдаластықтарға қол жеткізілгенін айтты. Бірқатар үкіметаралық және мекемеаралық келісім жасалған. Соның ішінде денсаулық сақтау, туризм, білім беру салаларына қатысты маңызды құжаттар бар. Тараптар екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды арттыруға да келісті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Тау-кен, жасыл энергетика, атом өнеркәсібі, цифрландыру және инновация, денсаулық сақтау, туризм салаларында тың жобаларды жүзеге асыруға келістік. Қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін Үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандырып, оның қызметін жаңа деңгейге көтеруге шақырдым. Екі ел бизнес өкілдерінің байланысын тереңдету – маңызды міндеттің бірі. Осыған орай «Қазақстан-Словения» іскерлік кеңесін құру мәселесін талқыладық.
Көлік-логистика саласын да қамтылды. Атап айтқанда, Президенттер Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасына Словенияның «Лука Копер» теңіз портын қатыстыру жөнінде ортақ пікірге келді. Өзара алыс-берістің көлемін арттыру үшін құзырлы органдарға нақты шаралар қабылдау туралы тапсырма берді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның су ресурстарын басқару ісінде словен тарапының озық тәжірибесін зерделеп, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жалпы бүгінгі келіссөздер жемісті болды деп күмәнсіз айтуға болады. Осы сапардың нәтижесінде қазақ-словен ықпалдастығы нығайып, жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында біз ортақ мақсаттарға қол жеткіземіз.