• 02-04-2025

Қазақстан онлайн-қызметтер индексі бойынша үздік 10 ел қатарына кірді

Онлайн көрсетілетін мемлекеттің қызметтердің көкжиегі кеңейеді, деп хабарлайды 24kz.

Үкімет қапайым құжат пен анықтамадан бастап, азаматтардың жеке куәлігіне дейін қашықтан беруді жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде цифрлық құжаттар қызметі ерекше танымалдыққа ие болды. Оның көмегіне бір жылда отандастарымыз 292 млн рет жүгінген. Елде қашықтан көрсетілетін мемлекеттік қызметтің үлесі қандай? Сала серпілісі үшін енді қандай жоспарлар бар?

Бекзат Аманов, тілші:

- Цифрландыру — бағындырған белесі мол, нәтижелі саланың бірі. Бұл бағыт бойынша Қазақстар әлемде жетекші орынға ие. БҰҰ деректеріне сәйкес, Қазақстан онлайн-қызметтер индексі бойынша әлемнің үздік 10 еліне кірді. Ал цифрландыру деңгейі бойынша 24-орынға ие. Демек, еліміз 170-тен астам мемлекетті басып озды. Расымен, қазір кез келген құжат пен анықтаманы үйден шықпай, онлайн алуға болады. Ресми сандар сөзсіз серпілісті көрсетіп тұр.

Көрсеткіш көңілге қонымды. Бірақ Үкімет мұнымен тоқмейілсіп қалмайды. Саланы одан әрі тереңдетіп, дамыта бермек. Осы тұрғыда, жеке куәлікті онлайн ауыстыру бастамасын айта кету керек. Ең сұранысқа ие мемлекеттік қызметтің бірі сәуір айының соңына дейін онлайн-форматқа ауыстырылады. Демек, жеке куәлігіңізді үйден шықпай ала аласыз.

Былтыр халыққа қызмет көрсету орталығының операторлары 15,2 млн қызмет көрсетті. Мақсат – жыл соңына дейін халыққа қызмет көрсету орталығының жүктемесін 50%-ке дейін азайту. Демек, онлайн көрсетілетін қызмет көкжиегі кеңейе береді. Алайда мемлекеттік қызметтің сапалы болуына да мән беру қажет. Атқамінерлер бұл мәселесіне де пысықтап жатыр.

Отырыстың соңында Үкімет басшысы: «Сапа мәселесіне қатты назар аударды. eGov порталы әрдайым қолжетімді болу керегін ескертіп, тіпті интернет те соған сай жұмыс істеуі керек», — деді.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов тапсырмалардың орындалуын жеке қадағалайтынын жеткізді. Міндет ауқымды, бірақ оны еңсеруге мүмкіндік жетеді. Жалпы бұл бағытта бизнес пен мемлекет бірлесіп, сәтті жұмыс істеп жатқанын көріп отырмыз. Бизнес те салаға серпін беруге мүдделі.

Авторы: Бекзат Аманов