• 14-06-2025

Ақтөбеде екі баласын өлтірді деп айыпталған келіншекке қатысты сот басталды

Ақтөбеде екі баласын бірдей тұншықтырып өлтірді деп айыпталған келіншекке қатысты сот басталды. Алғашқы сот отырысына сотталушының өзі қатысқан жоқ — ол Талғардағы арнайы орталықта емделіп жатыр, деп хабарлайды "КТК" арнасы .

Бұл сот процесіне қатысушылар да санаулы. Мемлекеттік айыптаушы мен адвокат және жәбірленуші ғана келген. Өз балаларын өлтірді деп айыпталған келіншекті олардың бәрі жазғырудан аулақ. Оның психиатриялық ауруханада мәжбүрлеп емделгенін қалайды. Себебі екінші баласын туғаннан кейін 29 жастағы келіншектің жүйке жүйесі сыр берген.

Жәбірленуші деп танылған күйеуі жұбайының қыста қызын өлтірмек болғанын айтады. Одан соң, төркіні емдетеміз деп, Атыраудан Қандыағаш қаласына алып келген. Алайда екі ай бұрын әйел үш жасар ұлы мен 11 айлық сәбиін жастықпен тұншықтырып тынады.

Мамандар оның психоз дерті асқынып, қоғамға қауіпті екенін сараптама дәлелдеді дейді. Енді жаза кесу қажет пе, әлде жындыханаға жатқызу керек пе, оны сот шешеді.

"Талабым, енді маған былай айтқанда, опасыздық жасады. Екі баланың аруағы үшін мен ол жаққа жібергеннен... емделіп, қоғамға қосылғанын қалаймын. Мен қайын атамнан көмек сұрадым: "кішкене қызыңыз ауырыңқырап жүр, не істейсіз?". "Алып кетем, емшілерге апарамын, невропатология жағына қаратам" деген. Мен оған қарсы болған жоқпын. Әкесі және балдызым алып кетті", — дейді жәбірленуші.

Дереккөз: "КТК" арнасы