• 14-06-2025

Қазақстан мен Қытай арасында жүк тасымалының жаңа бағыттары ашылды

Қазақстан мен Қытай арасында жаңа жүк тасымалдау бағыттары іске қосылды, деп хабарлайды 24kz.

Бұл ретте Алтынкөл – Қорғас және Достық – Алашанькоу кеден бекеттері негізгі дәліз саналады. Биыл қос тарап теміржол арқылы жүк тасымалдау көлемін 33 млн тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр. Оның ішінде 20,6 млн-ы Қазақстаннан Қытайға және кері бағытта 12,4 млн тоннаға жеткізу жоспарланған.

Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасында жүк тасымалдаудың бірнеше бағыттары ашылып жатыр. Осы арқылы еліміздің Еуразиядағы логистикалық хаб ретіндегі рөлі де біршама нығая түсті. «Жаңа бағыттар мен инфрақұрылымдық жобалар, тағы жүк тасымалы көлемінің өсуі еліміздің транзиттік әлеуетін арттырары сөзсіз», - дейді мамандар.

Мәселен, Қытайдың Чэнду қаласынан Польшаның Лодзь шаһарына Қазақстан арқылы жүк тасымалдайтын жаңа теміржол бағыты іске қосылды. Бұл жол Қазақстанның Қытай мен кәрі құрлық арасындағы стратегиялық маңызын көрсетеді. Бүгінде Достық – Мойынты учаскесінде екінші жолдың құрылысы жүріп жатыр. Осы арқылы кептеліс азаяды.

Жайнар Әсілбекова, ҚР Көлік министрлігі көлік департаментінің бас сарапшысы:

- Өткен жылы қытайлық автокөлік пен фуралар Қазақстан аумағы арқылы Каспий теңізімен пароммен тасымалданды. Сондай-ақ ағымдағы жылы Қазақстан мен Қытай арасында үкіметаралық келісім күшіне енді. Ол келісім автомобиль көлігімен жүк тасымалдау туралы. Оның басты жаңалығы ендіҚазақстан мен Қытай кез келген Қытай провинциясы мен біздің кез келген Қазақстан ауылдарына автомобиль фуралары кіре алады.

2025 жылдың бірінші тоқсанында екі ел арасында автокөлікпен жүк тасымалдау көлемі былтырғы кезеңмен салыстырғанда 82%-ке өскен. Мұнда да халықаралық көлік тасымалы жүйесі бойынша жаңа бағыт пайда болды. Қытайдың Чжэнчжоу қаласынан Алматыға жаңа бағыт ашылды. Бұл жүк жеткізу мерзімін 5 күнге дейін қысқартып, теміржол мен әуе тасымалына жұмсалатын шығын көлемін 30%-ке дейін үнемдейді. Тағы жаңа жұмыс орындарын ашуға және сауда-саттықты дамытуға мүмкіндік береді.

Тойгүл Жұбанисова, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі:

- Көршілес Қытай мемлекеті Қазақстан үшін ең тиімді сауда байланысын құратын ел. Бұл тек Қазақстанға ғана емес, Қытайға да тиімді. Себебі Қытайдан Еуропаға тасымалданатын 80% тауар біздің еліміз арқылы өтеді. Жалпы биылғы жылдың алғашқы 3 айында ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты Қазақстаннан Қытайға 43,5%-ке артқан. Яғни, сомасы 426 млн АҚШ долларынан асып отыр.

Саладағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Шығыс Қазақстан облысының Тұғыл ауылындағы өзен портынан Ресей арқылы Солтүстік теңіз бағытына шығуға мүмкіндік беретін мультимодальдық логистикалық хаб құру жоспары да бар. Сондай-ақ алдағы уақытта Алматыда көлік-логистикалық кешен салынады. Бұл халықаралық бағыттарды оңтайландыруға жағдай жасайды. Логистиканы цифрландыру жұмыстары да қарқын алмақ. Осы арқылы жүк тасымалдауға рұқсат беру құжаттарын электрондық нұсқада алмасу жүйесі енгізіледі.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Руслан Алиев