• 14-06-2025

Абай облысында бір жарым мыңға жуық мәдени шара өтеді

Биыл Абай облысында бір жарым мыңға жуық мәдени шара өтеді .

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісінің Абай облысына жұмыс сапары кезінде айтылды. Мәлік Отарбаев әлеуметтік және құқық қорғау саласының қызметкерлерімен кездесті. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, қоғам өкілдерімен жүздесті. Мұндағы мақсат Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерілген мәселелердің өңірде қалай жүзеге асып жатқанын саралау болды.

Президент Кеңесшісімен кездесу барысында сала мамандары аймақтағы өзекті мәселелер мен жетістіктерді ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Бүгінде өңірде 31 мәдениет үйі мен 100 ауылдық клуб жұмыс істеп тұр.Тағы 23 мәдени нысанның құрылысы жүріп жатыр.

Ұлан Сағадиев, Абай музейінің директоры:

- Мәдениет саласы, өнер саласы, білім саласындағы мемлекет басшысының саясаты айқындалып бізге қарапайым тілде түсіндіріліп бағытымызды нақтылап берді.

Өңірде «Заң мен тәртіп» қағидаттарын жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. Абай облысында күн сайын мыңнан астам полиция қызметкері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдырылуда. Нәтижесінде бұзақылық 68%-ға, ұрлық 34%-ға төмендеген.

Дина Әмренова, Абай облысы ПД Ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы:

- Сапар барысында «Заң мен тәртіп» идеологиясын нығайту мәселелеріне айрықша назар аударылды. Президент кеңесшісі Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді қатысушыларға жан-жақты түсіндіріп өтті. Кездесу мазмұнды өтті.

Жыл басынан бері қоғамдық орындарды ластаудың 1 800-ден астам фактісі тіркеліп, мас күйінде жүрген 4 мыңнан астам адам ұсталып, айыппұл арқалаған. Қоғам мен заңға құрмет ортақ жауапкершілік. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де уақытта жалғасады.

Мәлік Отарбаев, ҚР Президентінің кеңесшісі:

- Б. Момышұлы тәртіпке бас иген құл болмайды деді. Ол шын мәнісінде талай қиындықты еңсереді. Ел Президенітінің мән беріп жатқан қағидаты тек қызметтік емес, өмірлік ұстанымға айналуы тиіс.

Мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайтатын мұндай ашық диалогтар ел дамуында маңызды роль атқаратыны сөзсіз, дейді қатысушылар.

Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы