Қызылордалық оқушылар донорға арналған смарт-қосымша жасады
Қызылордалық өнертапқыш оқушылар донорларға арналған смарт-қосымша жасады . Жобаның мақсаты- тұрақты донар ...
Дәрі-дәрмектің бірыңғай дистрибьютері бірқатар препаратты елге ай сайын емес, тоқсан сайын жеткізіп келген. Соның салдарынан тегін дәрі тапшылығы туындап, пациенттер қажет препаратты өз қаржысына алуға мәжбүр болған. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы салаға жүргізілген аудит қорытындысын жариялады. Әлихан Смайыловтың мәліметінше, 741 млн теңгеге қаржылық заңбұзушылық тіркелген. Тағы 32 млрд теңгенің тиімсіз жоспарланып, жаратылғаны, сондай-ақ бюджетке 58 млрд теңге шығын келгені белгілі болды.
2024-2025 жылдары жүргізілген екі аудит нәтижесінде дәрі-дәрмекпен қамтуда бірқатар мәселе анықталған. Жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов нормативтік реттеу, халықты дәрі-дәрмекпен қамту, өндіріс пен ғылыми зерттеу саласындағы барлық деңгейіндегі кемшін тұстарды тізіп шықты.
Тексеріс нәтижесі бойынша 2022-2024 жылдары бірыңғай дистрибьютердің амбулаторлық көмек аясында 207 өнімді уақытылы сатып алмағаны анықталды. Тағы 164 дәрілік өнім мүлдем жеткізілмеген. Осы себепті тегін берілетін дәрі-дәрмек тапшылығы туындап, емге қажеттісін халық өз есебінен алуына тура келді.
Әлихан Смайылов, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы:
- 2024 жылы өндірушілермен жасалған тікелей келісімшарттар бойынша сатып алынған препараттардың үлесі небәрі 9% құраған. Сондай-ақ бірыңғай дистрибьютор препараттарды «СТ-KZ» сертификатынсыз сатып алып отырған, бұл соңғы үш жыл ішінде шамамен 258 млрд теңге жеткені анықталды.
Жалпы дәріханалардағы препараттардың шекті бағасы орнатылған. Денсаулық сақтау министрлігінің осыған қатысты арнайы бұйрығы бар. «Алайда оның ескеріліп жатқаны шамалы», – дейді депутат Анас Баққожаев.
Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- «Айтека» деген қосымша бар. Парацетомол деген дәрі сіздердің бұйрықтарыңызға сәйкес көтерме баға 93 теңге, бөлшек бағасы 144 тг, енді «Айтеканы» қараңыз, міне, Айтматов көшесінде LPM Farm 175 теңгеге сатып отыр. Аптека со склада «Феникс» 170 теңгеге сатып отыр. Бұл қалай сонда? Бұл Астананың өзінде. Аймақтарды айтпағанда. Оны кім қадағалап отыр?
«Парацетомол сияқты дәрі-дәрмектің 10 шақты түрі бар әрі оларды әртүрлі фармацевтикалық компания өндіреді. Бағаның түрлі болуы осыдан», – дейді Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ардақ Амангелдиев.
Ардақ Амангелдиев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы:
- Сіздің жаңағы айтқан мәліметіңізге негізінде тексеріс жасап, нәтижесін қосымша береміз. Жаңағы шектеу бағадан артық сататын жағдайда соның фактісін дәлелдесек, біз жаңағы қажетті айыппұл салуға міндетіміз бар. Жаңағы факті бойынша арыз болса, қажетті шара қолданамыз.
Мемлекеттік аудит кезінде анықталған олқылықтың тағы бірі – емдеудегі клиникалық хаттаманың жылдар бойы өзгермегені. Атап айтқанда, отандық денсаулық сақтау жүйесінде 1100-ден астам емдеу хаттама болса, кейінгі 5-12 жылда оның 70%-і өзгермеген. Яғни бұл халыққа ескірген технологиялар бойынша медициналық көмек көрсетіліп жатқанын білдіреді.
Осыған қатысты депутаттық сауалға құзырлы ведомство басшысының келтірер өз уәжі бар. Ардақ Амангелдиев айтуынша, клиникалық хаттамаларды жасауға мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Тиісінше ғылыми орталықтардың хаттамаларды жаңартуға ынтасы жоқ.
Ардақ Амангелдиев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы:
- Екіншіден, 2018 жылдан бастап демонополизация аясында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ұсынысымен бұл жұмыс Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретінен алынып, тиісті ғылыми орталықтарға берілген еді. Сол себепті жаңарту жұмысы тиісті деңгейде жүргізілмеді. Былтыр жаңа министр келген соң бұл іс қайта назарға алынып, желтоқсанда клиникалық хаттамаларды қайта қарау жөнінде арнайы бұйрық шықты.
Содан бері қаржылық шығынды көбірек қажет ететін 70 емдеу хаттамасы қайта қаралды. Биыл 230, келесі жылы тағы 200 хаттаманы жаңарту жоспары бар. Талқылау қорытындысында импортқа тәуелділікті азайту үшін отандық фармацевтика саласын дамытуды ынталандыру бойынша кешенді шаралар қабылдау қажеттігі айтылды. Себебі елдегі дәрі-дәрмектің 80%-і шеттен алдырылады. Сонымен қатар депутаттар Үкіметке дәрілік заттардың мемлекеттік сараптама, тіркеу және баға белгілеу процестерінің ашықтығын қамтамасыз етуді ұсынды.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Жандос Битабаров