Тау-кен металлургия саласын бақылаудың жаңа құралы енгізілді
Тау-кен металургия саласын мониторинг жасаудың жаңа құралы кеңінен қолданысқа енгізіліп жатыр. Ол бақылау к ...
Алматыда «Қыран» ұлттық аңшылық орталығы ашылды, деп хабарлайды 24KZ. Ұйымдастырушылар қала жастарының рухын оятып, салт-дәстүрді насихаттауды мақсат еткен. Орталыққа келушілер бүркіт салу, тазы баптау, садақ тартуды үйренеді. Тоғызқұмалақ пен асық атуды меңгереді.
Этномәдени орталық «Қыран» ұлттық аңшылық федерациясының қолдауымен ашылды. «Мақсатымыз – ел болашағы жастарымыздың тамырынан ажырап қалмауына ықпал ету», – дейді белгілі журналист-этнограф Бағдат Мүптекеқызы. Тұрмыс ыңғайына қарай қала баласының аңшылық өнерден алшақтап кеткені рас. Сондықтан мұнда ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтар дәріптелмек. Орталық балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жеткіншектердің де рухани дамуына атсалыспақ.
Бағдат Мүптекеқызы, «Қыран» федерациясы ҚҚ атқарушы директоры:
- Қазақтың бүкіл тарихы, мәдениеті, қазақтың ұлттық рухы – бәрі осы аңшылықтың ішінде жатыр. «Киіз үйдегі кездесу» деген алдымызға үлкен жоба қойып отырмыз. Басты мақсатымыз – қазақтың өнеріне, мәдениетіне еңбегі сіңген үлкен қайраткерлер, осы халықтың рухани қазынасына жұмыс істеп жүрген біздің қайраткерлерімізді шақырып, жастармен кездесу ұйымдастыру.
Орталықтың ашылуында садақшы, сұрмерген Жұмағазы Тұрсынұлы тәжірибесін бөлісті. Ол Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында төреші болды. Мергеннің бүгінде 11 шәкірті спорт шеберлігіне үміткер. «Дәлдікке, зейінді бір жерге шоғырландыруға үйрететін садақ ату спортына келуіме «Қыз Жібек» фильмі әсер етті», – дейді ол.
Жұмағазы Тұрсынұлы, садақ атудан ҚР спорт шебері:
- Балалық шағым, 6-7-сынып оқимын, ауылымызға «Қыз Жібек» киносы келеді. Таңертең тұра салып әкеме айтамын: «Бекежан деген сұмырай Төлегенді атты». «Ол Төлегенді атқан Бекежан көрші ауылда жүр. Күшті болсаң, барып ат» – деді. Содан даладан талды қиып, садақ атып, сөйтіп, осы садаққа келгенім бар.
Орталықтың ашылуына келгендер тазыны жетектеп, бүркітті қолына қондырып көрді. Сондай-ақ ұлттық қару-жарақ жасаудың шебері Махмұт Жетенұлының ұсталық өнерін тамашалады. Этномәдени орталық елімізге келген туристердің де назарын аудартаныны сөзсіз.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев