Қызылордалық оқушылар донорға арналған смарт-қосымша жасады
Қызылордалық өнертапқыш оқушылар донорларға арналған смарт-қосымша жасады . Жобаның мақсаты- тұрақты донар ...
Жылдың алғашқы тоқсанында еліміздегі жүк тасымалы 140 млн тонна-шақырымға жетті. Логистикалық белсенділік жылдан жылға қарқын алып келеді. Мәселен, былтыр сыртқы сауда айналымы 141 млрд доллардан асқан. Оның жартысынан астамы экспорт еншісінде.
Елде тауар сақтау қоймаларына сұраныс артты
Былтыр еліміздің жалпы жүк тасымалы 510 млн тонна-шақырымнан асты. Көрсеткіш биыл да жоғары болады. «Қазірдің өзінде 140 млн-нан көп», – дейді мамандар. Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы өткел ретінде танымал. Дегенмен түйткіл жоқ емес. Мәселен, елімізде заманауи жүк сақтайтын қоймалар, хабтар мен тарату орталықтары тапшы. Бүгінде Алматыдағы қоймалар 95%, Астанада 98% толы. Ал халық арасында қажетін онлайн сатып алатындардың үлесі артып келеді. Демек сақтау орындарына сұраныс еселене түседі. Сала мамандары жалдау ақысының да өсіп жатқанын айтады. Мысалы, Алматыдағы баға шаршы метр үшін 5 мың теңгеге жуықтаған. Ал Global Central Asia сарапшыларының есебіне сүйенсек, келесі жылы А санатындағы нысандарды жалдау ақысы түсе бастайды. Себебі былтыр жаңа ғимараттар айтарлықтай көбейген. 272 мың шаршы метр пайдалануға берілді, ал алдағы екі жылда көрсеткіш 620 мың шаршы метрден асады.
«Қазақстандағы қоймалар нарығы қалыптасып келеді. Санаты, техникалық сипаттамалары, функционалдылық және орналасу бойынша талап қойылады. Нарық бағаны қалыпқа келтіру және болжамды индекстеу кезеңіне енеді. Бұл ұзақ мерзімді жоспарлау тәуекелдерін жояды және логистика, бөлшек сауда, сонымен қатар өндіріс саласында жұмыс істейтін халықаралық және жергілікті компанияларға мүмкіндіктер ашады» — Станислав Ахмедзянов, IBC Global басқарушы серіктесі.
Елде коммерциялық нысандар саны артты
Иә, инвесторлар коммерциялық секторға көңіл бөле бастады. Өйткені қоймаларға сұраныс көп. Ал бәсеке жоқ. Кірістілік жоғары. Елде онлайн саудадан бөлек, трансшекаралық сауда дамып жатыр. Бұл да тауарды жылдам тиеп таратуды талап етеді. Осы ретте үшінші тарап, яғни тауарды сақтап, қаптап, таңбалап және жеткізіп беруге бейімделген операторлармен жұмыс күшейді. Ол аздай қойма иелері тұтынушыға неғұрлым жақын болуға ұмтылып жатыр. Әсіресе ірі қалаларда шағынаудандарға ыңғайланған жеткізу орындарын көбейту керек. Пошталар белсенді қолданып жатқан жүк дрондары да қашықтағы елді мекендерді жылдам қамтуға мүмкіндік береді. Айтпақшы, биыл елде осындай дрон зауытының құрылысы басталады. Жоба серіктесі – қытайлық компания.
Қытай Қазақстан арқылы тасымалды арттырды
Қытай демекші, былтыр көрші ел Қазақстан аумағы арқылы өзге нарыққа 15,4 млн тонна жүк жөнелтті. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 22% көп. Қытай жүк жөнелтуші ретінде Қазақстан арқылы тасымалданған үшінші елдерден транзиттік жүктердің негізгі бөлігін қамтиды, бұл шамамен 72%, ал жүк алушы ретінде небәрі 2%. Көрші ел біздің аумақ арқылы жерүсті көлік құралдарын, электр машиналары мен жабдықтарын тасымалдайды. Негізгі бағыт Өзбекстан және Еуроодақ, Ресей саналады.
«Көрсеткіш екі таңбалы қарқынмен үш жыл қатарынан өсіп келеді, бірақ оң динамика біртіндеп төмендеп жатыр. Мысалы, 2022 жылы 37%, 2023 жылы 33% болды. Кейінгі 12 жылда төмендеу тек екі рет, яғни 2015 және 2016 жылдары байқалды. Бір қызығы, Қытайдан жүктердің транзитін ұлғайтуда Өзбекстан және Еуро Одақ сияқты алушы елдер елеулі рөл атқарды. Ресей тағы бір маңызды бағыт бола отырып, керісінше, жалпы оң динамиканы әлсіретті» — Data Hub сарапшылары.
Бидай экспорты субсидияланады
Елімізде бидайды алыс нарықтарға тасымалдау шығындарын арзандатуға субсидия төлене бастады. Бұл үшін 40 млрд теңге бөлінген. Азық-түлік корпорациясының хабарлауынша, бағытына қарай тасымалданған бидайдың тоннасына 20 мың немесе 30 мың теңге беріледі. Қазірдің өзінде келіп түскен 300-ден астам өтінім аясында 625 мың тонна астық экспортталды. Субсидияланатын бағыттар қатарында Әзербайжан, Балтық елдері, сонымен қатар Ресей, Ауғанстан және Грузия бар.
Субсидияланатын бағыттар (2024):
Әзербайжан — 275 229 тонна
Балтық елдері — 203 555 тонна
Қара теңіз порттары — 48 815 тонна
Балтық теңізі — 35 967 тонна
Ауғанстан- 37 032 тонна
Грузия — 24 525 тонна