• 13-06-2025

Жаңаөзендіктер кәсіптің жаңа түрлеріне ден қоя бастады

Өңірде ханбалық өсіріп, қой жүнінен түрлі өнімдер жасау қолға алынды.

Ерекше бизнесті бастаған онға жуық тұрғын енді «Бір ауыл — бір өнім» жобасы бойынша қайтарымсыз қаржы алып, кәсібін әрі қарай дөңгелетуді көздейді.

Құлпынай, тұшытылған су, хош иісті және кір сабын, ұлттық нақыштағы бұйымдар. Бұның бәрі Жаңаөзенде жасалған. Дегенмен, елдің назары шағын аквариумдағы ханбалықтарға ерекше ауды. Жергілікті тұрғын Атыраудан шабақ әкеліп, қазір үй жағдайында өсіріп отыр. Енді кәсібін дамыту үшін қайтарымсыз қаржыға үмітті.

Жұмабек Жандосов, кәсіпкер:

- Бізде енді су тапшы ғой. Жер қазуымыз керек. Скважина шығару, сосын ток келсе деген сияқты. Ток жарты сағатқа сөнсе болды, барлық балықтан айырылдым деген сөз. Генератор болуы керек, соның барлығы қаражатқа тіреліп тұр ғой. Егер үлкейтетіндей масштаб болатын болса, адам алам жұмысқа. 10 адамға дейін алуға мақсаттанып жатырмын.

Ал Сенек ауылының тұрғыны меринос қойдың жүнінен кәдесый, сырт және бас киім тоқиды. Бостангүл Бегенішева ісмерлік өнерді анасынан үйренген. Он саусағынан өнер тамған шебер бау-басқұр тоқитын ағаш құрал ойлап тапқан. Авторлық туындысын шеберханада қолдануға, мектепте технология пәнін оқытуда қажет деп біледі.

Бостангүл Бегінішева, кәсіпкер:

- Бауды тоқу үшін бұрын әжелеріміз керегеге, ауыр затқа байлап қоятын еді ғой. Бұл станок өте қажет. Қыз балалар мысалы күзеу, адарғы, қылыш, бірмүйіз дегендерді білмейді ғой. Өзіміздің қазақ қыздарын дамыту үшін, қазақтың ұлттық өнерін дамыту үшін соны үйретіп отырмын.

Сәуле Салихова, "Бір ауыл — бір өнім" жобасының Маңғыстаудағы менторы:

- Бүгін біздің Жаңаөзенде көргеніміз — балық, сабын. Былтыр сабынның тек өзін шығаратын еді, биыл қаптамасымен шығаруда. Айына 2000 мың тонна сабын шығарамын дейді, ол үлкен жетістік. Осы аптада әр ауданды айналып шығамыз. Қазір іріктеу жұмыстары жүріп жатыр. Ең жақсы, ең сапалы, дамып келе жатқан өнімдерді өңірлік көрмеге шығарып, содан кейін республикалық деңгейге шығарамыз.

Маңғыстау обылсында «Бір ауыл-бір өнім» жобасы төртінші жыл жүзеге асып келеді. Былтыр 7 адам 5 млн теңге көлемінде грант ұтты. Кәсіпкер мемлекеттен берілетін қайтарымсыз қаржыны өндіріске қажетті құралдарға жұмсап, инфрақұрылым жүргізе алады. Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін бағдарламаға биыл 100 млн теңге қарастырылған.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев