• 13-06-2025

«Bösendorfer» күйсандығы таныстырылды

Елімізде алғаш рет Абай атындағы Ұлттық опера және балет театрының сахнасында әлемдегі ең көне әрі ең атақты концерттік рояль өндірушілерінің бірі – «Bösendorfer» брендінің роялі таныстырылды. Әйгілі ком­па­ния­ның тарихы екі ғасырға жуық уақытты қамтиды.

Қазақ өнеріндегі елеулі іс-шара Ас­тана және Алма­ты қалаларында алма-кезек жалғасып өтті. Сиқырлы саз төгілген музыка аспабын ел сахнасына алдыруға ұйытқы бол­ған іс-шараның ресми серік­тесі, еліміздегі «Bösendorfer» брендінің өкілі «Райно» ЖШС директорлары – Ержан Құшанов пен Рахим Тоқсанбаев.

Таныстырылым аясында брендтің көшбасшылық өнімі — «Bösendorfer 280 Vienna Concert» концерттік роялі көрсетілді. Бұл аспап күшейтілген резонанстық декасымен жабдықталған және веналық дәстүр мен заманауи технологиялардың мінсіз үйлесімін бейнелейді. Бұған дейін аталған бренд ел нарығында бұрын-соңды ұсынылмаған еді.

Рояльдердің алғашқы үлгі­лерінің бірі Ахмет Жұбанов атын­дағы Республикалық музы­ка мектебіне орнатылды. 2025 жылы жасалған жаңа модельдің ұзындығы – 2,8 метр және бұл қазіргі уақыт­та еліміздегі ең ұзын кон­церт­тік рояль.

«Бұл — біздің аустриялық әріптестерімізбен қолға алған алғашқы жобамыз. Биыл бұл аспаптарды оқу орындарына, концерттік ұйымдарға және музыкалық мектептерге кеңінен жеткізуді жос­парлап отырмыз», деп атап өтті компания өкілі Рахим Тоқсанбаев.

Аталған таныстырылым еліміздегі музыкалық мәде­ниет пен кәсіби білім беру­дің дамуына маңызды үлес қосады. «Bösendorfer» брен­дінің елге келуі ұстаз­дар мен студенттер және концерттік орындаушылар үшін шығар­машылықтың жаңа мүмкіндігін ашпақ.

Іс-шара жабық форматта, арнайы шақы­рылған қонақтардың қаты­суымен, камералық атмосферада өтті. Мәртебелі мей­ман­дардың қатарында «Bösen­dorfer» ком­паниясының бас директоры С.Грюбмюллер және брендтің топ-менеджмент өкілдері болды. Бұл кездесу халықаралық бренд пен еліміздің мәдени ин­фрақұрылымы арасындағы кәсіби диалогті нығайту тұрғысынан аса маңызды оқиғаға айналды.

АЛМАТЫ