Air Astana Ирак пен Иран әуе кеңістігі арқылы ұшпайтын болды
Иран мен Ирак әуе кеңістігінің жабылуына байланысты Қазақстаннан қатынайтын ұшақтардың бағыты өзгеруі мүмкін. Air ...
Бүгін «Орталық-Батыс» күрежолының құрылысы басталды, деп хабарлайды 24kz.
Президент тапсырмасымен іске асқалы отырған бұл жобаның ел экономикасы үшін маңызы зор. Астана мен Ырғызды жалғайтын жаңа автокөлік жолы оңтүстік пен батыс арасын 560 шақырымға қысқартады. Екі аралықта көлік қатынасы жанданып, жүк тасымалы артады.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Орталық – Батыс жол құрылысы Арқалық қаласының шығыс бөлігінен басталды. Осы жерден Егіндікөлге дейін асфальт төселеді. Жалпы ұзындығы – 241 шақырым. Торғайдан Ырғызға дейінгі 193 шақырым аралықта да жаңа жол салынады. Қолданыстағы қалған бөліктері қайта жөнделеді. Ауқымды жоба 21 құрылыс учаскесіне бөлінген. Әр аумақтың мердігері анықталып, бекітілген.
Сәтжан Аблалиев, ҚР Көлік вице-министрі:
- Торғайдан Ырғызға қарайтын учаскелер де бұрын жол болмаған учаскелер. Ол жерде де бүгін дәл осы сәтте құрылыс жұмыстары басталып жатыр. Негізі жоба 889 шақырым. Нормативтерге сәйкес құрылыс уақыты 48 ай болады. Бірақ бүгінгі күні жол құрылысшылары оны барынша қысқартып, тез уақытта бітіруге міндеттеме алып отыр.
Астанамен Ырғызды байланыстыратын жаңа жолдың қашықтығы шамамен 790 шақырым болмақ. Соның жартысы Торғай өңірі арқылы өтеді. 13 елді мекен арқыды өтетін тасжол бойымен жүк тасымалы 3-4 есеге атады деген болжам бар.
Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:
- Арқалықтан Астанаға дейін баратын болсақ, 600 шақырым өтеміз. Жаңа жолмен 374 шақырым ғана болады. Экономика өсуіне негіз болады. Қазір де біраз қаражат бөліп жатырмыз. Биылғы жылдың бюджеті Арқалықтың 32 млрд теңгеге жетіп қалды. Ол 2022 жылмен салыстырсақ, 60%-ке артық.
Көптен күткен тіршілік күретамырының құрылысын Торғай жұрты қуана қабылдады.
Ақылбек Сапарғалиев, Арқалық қаласының тұрғыны:
- Торғай аумағының халқын дүрліктіріп отырған осы Батыс – Орталық тасжолы салады деген хабарды естіп қуанып жүр едік. Міне, бүгін «жұмыс басталайын деп жатыр» деген хабарды естіп, қуанып отырмын. Адамның бойына күш-қуат беретін қантамыр ғой, сол сияқты мынау Торғай өңіріне күш беретін бір жаңа күретамыр есебінде деп ойлаймын.
Бастапқыда жобалау жұмыстарының өзін қыркүйекте аяқтау жоспарланған еді. Алайда Премьер-министр Арқалыққа келген сапарында құрылысты тездетіп маусым айында бастауды тапсырды. Енді 4 жылда жұмыс толық аяқталуы тиіс. Ол үшін бір мезгілде 6 мың адам мен 4 мыңнан астам техника жұмылдыралады.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Хаймин