• 18-06-2025

Жаңа ереже: енді көлік терезесін ашқанда нені ескеру керек?

Наурыздан бастап Қазақстанда жолаушыларды көліктің салонынан тыс тасымалдағаны үшін айыппұл салынады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұрын айыппұл болған жоқ, бірақ тәртіп бұзғандар болды

Енді жолаушылар терезеден денесін шығарса немесе қозғалыс кезінде есікті ашса, жүргізушілерге 10 АЕК (2025 жылы 39 320 теңге) айыппұл салынады. Мұндай ереже бұрын да болды, тек мұндай әрекеттер үшін айыппұл қарастырылмаған еді.

Той мен мектеп бітіру кештеріндегі жастардың әрекеті

ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басшысы Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, айыппұл жастардың әрекетіне байланысты енгізілген. Оның сөзінше, жаңа ереже ең алдымен азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған.

Құқық қорғау органдарының қызметкері мұндай қауіпті әрі ерсі қылықтар мектеп бітіру кештері мен тойларда жиі кездесетінін мәлімдеді. Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, бұл әрекет үшін жүргізуші де, жолаушы да жауапты.

Енді не үшін айыппұл салынады?

Әлеуметтік желіде осы мәселеге байланысты түрлі пікір айтылып жатыр: енді терезеден қол шығарғаны үшін айыппұл салынатыны рас па? Терезе ашып темекі шегетіндер не істейді? Сигналдары істен шығып, жүргізуші қолымен сигнал берсе, бұл да заң бұзу ма? ІІМ осы тектес сауалдарға жауап берді.

Ведомство мәліметінше, көліктен денесін шығару дегеніміз – жолаушының көлік қозғалысы кезінде дене мүшелерін (бас, қол және т.б.) көліктен шығарып, сол арқылы жарақат алу қаупін тудыратын, сондай-ақ, жүргізушінің назарын жол қозғалысы кезінде өзіне аудартатын әрекеттері.

Яғни жолаушыларды көліктен тыс тасымалдасаңыз немесе олардың дене мүшесін шығаруына рұқсат етсеңіз, бұл әрекеттер қауіпсіздікке, сондай-ақ, жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайда ғана жазаланасыз.

"Сонымен қатар, ӘҚБтК-нің 784-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқықбұзушылық туралы істі қараушы судья, орган (лауазымды тұлға) дәлелдерді жан-жақты, толық зерделеп, ішкі сенімімен, заң мен ар-ожданға сүйене отырып бағалайды", – деп толықтырды ведомство өкілдері.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Logotype Massaget