• 18-06-2025

Ақыл дариялы ақсақалдар Алматыда бас қосты

Ақыл дариясы ақсақалдар Алматыда бас қосты.

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің V Республикалық форумы өтті. Еліміздің барлық өңірінен келген қариялар қоғамдық келісімді сақтау және жастар тәрбиесі жайлы өзара ой бөлісті. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов бастаған өкілдер жастарды қажетті мамандыққа бағыттау жұмыстарын да талқылады.

Елдің 17 облысынан келген ақсақалдар әуелі Алматы электромеханикалық колледжіне барды. Олар аудиторияларды, шеберханаларды аралап, заманауи құрал-жабдықтармен танысып, болашақ жұмысшы мамандар қалай даярланатынын көрді. Өйткені жастарды патриоттыққа тәрбиелеуден бөлек елдің дамуына қажетті мамандыққа бағыттау қажет.

Созақбай Әбдіқұлов, Түркістан облыстық ҚХА Асқақалдар кеңесінің төрағасы:

- Бірінші мәселе мынау президент жұмысшы мамандығы деді ғой. Жастардың көбін мынау колледждерге түсуге бағыттаймыз. Жастар оның көбісін түсіне бермейді. Біздің облыста 15600 грант бөлінеді коллеждерге. Бір жылдары 6-7 мыңдай грант игерілмей қалған. Қазіргі уақытта сол гранттар толық игеріліп, азаматтарымыз сол колледждерде әртүрлі мамандықтар алып жатыр.

Ақсақалдар кеңесінің V Республикалық форумының мақсаты — ел бірлігін нығайту, этносаралық достықты арттыру. Қатысушылардың пікірінше, ұлттық бірлік пен татулықты сақтау – барша халықтың ортақ міндеті. Жиында жастарға тәрбие мен дұрыс бағыт беруге арналған «Адал азамат» жобасы талқыланды.

Оңайбек Әбділов, Маңғыстау облыстық ҚХА Асқақалдар кеңесінің төрағасы:

- Біз мектептерде, колледждерде, университеттерде жалпы үлкен мекемелерде де аталармен кездесіп жатырмыз. Себебі айтамыз «Отан отбасынан басталады» деп. Әрбір отбасында тәлім-тәрбие болатын болса, ондағы қоғамдағы айтып отырған бүкіл келеңсіздік болмаған болар еді.

Ақсақалдар кеңесі-Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы консультативтік кеңесші орган саналады. Оған этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың беделді өкілдері мен қоғамдық пікір көшбасшылары мүше. Республикалық форум осыған дейін Астана қаласы, Маңғыстау, Түркістан және Қарағанды облыстарында өтті.

Аршын Кемелжан, Радик Жакупов