
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде 500-ге жуық әйел қызмет етеді, деп хабарлайды 24kz.
Олардың қатарында байланысшы, медбике мен тігіншілер де бар. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету полкінің қызметшісі Толқын Төлегенова әскери құрал-жабдық тігеді. Он саусағынан өнер тамған ісмер жанның туындыларын арнамыздың түсіру тобы да көріп қайтты.
Автомат оқжатарына арналған сөмке, зениттік қондырғылар мен зеңбіректердің қапшығы. Осындай әскери жабдықтар Толқын Төлегенованың қолынан шығады. Ісмер жан оларды әріптестерімен бірге «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің жауынгерлеріне арнап тігеді. Он саусағынан өнер тамған шебер өзі де әскери жолды таңдады. Кіші сержанттың қызметтік өтілі – 15 жыл.
Толқын Төлегенова, әскери қызметші:
- Ер азаматтармен бірдей өзіміздің әскери борышымызды атқарып, солармен бірдей сапта тұрып, солармен бірге атыс жарыстарына бәріне барып, жаттығуларына барып, еш олардан қалмай, қазіргі лауазымым – қойма бастығы. Оны да қатар алып жүрмін.
Индира Стамқұлова да – әскери қызметті таңдаған нәзік жандылардың бірі. Бұл бөлімде ол әріптестерінің денсаулығына жауап береді. Медициналық қызметтің бастығы әскери отбасыдан шыққан. Сондықтан бұл мамандықтың қыр-сырын жақсы біледі. Бір жолы тіпті әріптесінің өмірін сақтап қалған.
Индира Стамқұлова. әскери бөлімнің медициналық қызмет бастығы:
- Әскери қызметшімізді сона шағып, жағдайы күрт нашарлап кетті. Бірден алғашқы медициналық көмек көрсетіп, дәрі ектім. Осы оқиғаны әлі күнге дейін қорқынышпен еске аламын. Бірақ бәрі ойдағыдай болды.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінде 500-ге жуық әйел жұмыс істейді. Олар темірдей тәртіп пен қатаң талапқа үйреніп алған. Ер адамдармен иық тірестіре абыроймен қызмет атқарып келеді.
Рауан Шәкіров, әскери бөлімнің командирі:
- Әскери әйелдердің қызметінде мін жоқ. Олар өздеріне артылған міндетті абыроймен алып жүр. Өздерінің жұмысына тиянақты қарайды. Медициналық, техникалық жағынан өлшеусіз үлес қосып келеді.
Әйелдер қауымы әскердің айбынын арттыруда маңызды рөл атқарады. Бүгінгі таңда олар әскери қызметті бір кісідей меңгеріп, бұл мамандыққа адалдық танытып келеді.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Анастасия Сүлейманова, Тимур Сейілхан, Эльдар Байділдә