• 21-11-2025

Қазақстандықтар қай елге көп саяхаттайды?

Жаз кезінде саяхаттаушылар күрт көбейеді.

Бірі демалысында ауылға не өзге қалаға барса, енді бірі шетелге шыққанды құп көреді.

Әркім "көрпесіне қарай көсіледі". Дегенмен , отандастарымыз бұрынғыдай белгілі аумақтарға ғана сапарламайды. Жаңа ел, жаңа мәдениетке қызығатындардың саны артқан. Сөйтіп, қазақстандықтар саяхатын қай елге жоспарлайды?

Саяхат тек демалыс емес, ел көру, жер көру. Өзгенің мәдениетімен танысу, көкжиегін кеңейту. Ал қай елге барамын деген сұраққа келсек – таңдау көп, бірақ әр сапардың өзіндік ерекшелігі бар. Жыл сайын демалыс десе, қазақстандықтардың ойына бірінші болып Анкара мен Дубай түсетін. Бірақ кейінгі кезде теңізден шаршағандар экзотика іздеп, туристер үшін жаңа бағыт саналатын Камбоджаға дейін барып жүр.

Қырмызы Абылайқызы, Астана қаласының тұрғыны:

- Өзімнің тәжірибемде негізі 6 мемлекет. Ол Камбоджа, Үндістан, Түркия, Ресей Федерациясы, Алтай және Мысыр мемлекеті. Камбоджа себебі қараша айында Алматы — Астана — Сиануквиль бағыттары бойынша тікелей рейс ашылған болатын. Менің отбасым сол мүмкіндікті пайдалана отырып, сол Камбоджаға саяхаттаған болатынбыз. Үндістан себебі бала кезден қызығатынбыз.

Қазіргі саяхат тек жолға билет алумен шектелмейді. Қауіпсіздік және жолдың бағыт-бағдарын білмек керек. Ал мұның бәрі отандық мобильді қосымша арқылы оңай шешіледі. Платформаны қолданып, тур жайлы ақпаратты тексеріп, төтенше жағдайға тап болған кезде бірден елшілікпен немесе консулдықпен байланысуға болады.

Асылхан Есілов, «Туристік қамқор» корпоративтік қорының директоры:

- Қандай сұрақ болмаса да біздің туристерден мобильді қосымша арқылы бізге хабарлама береді. Және бұл біріншіден біздің қазақстандықтар турды сатып алғанда, тур кодты міндетті түрде алғанда осы мобильді қосымша да тексеру қажет. Туркодты енгізгенде мобильді қосымша барлық мәліметтетті көрсетеді. Былтыр шетелге шыққан қазақстандықтар саны 1 миллионнан асқан. Түркияға 303 мың адам саяхаттаса, 204 мыңы Мысырға, 197 мыңы Біріккен Араб әмірліктеріне барған. Ал Вьетнам 143, Таиланд 131 мың отандасымызды қабылдаған.

Биылғы жылдың алғашқы жартысында шетелге шыққан қазақстандықтардың саны 520 мыңнан асты. Көш басындағы Вьетнам еліне 118мың қазақстандықтың жолы түссе, Мысыр мен Біріккен Араб әмірліктері 100 мыңға жуық турист тартқан. Түркия 71 мың қонақты қабылдаса, Таиланд 64 мың туриске жайлы жағдай жасапты

Шетел асқан туристер саны

2024 жыл

Түркия – 303 мың адам

Мысыр – 204 мың адам

БАӘ – 197 мың адам

Вьетнам – 143 мың адам

Таиланд – 131 мың адам

2025 жылдың алғашқы жартысы

Вьетнам – 118 мың адам

Мысыр – 99 мың адам

БАӘ – 98 мың адам

Түркия – 71 мың адам

Таиланд – 64 мың адам

Шетелге шығатын туристердің көбеюіне тек сұраныс қана емес, инфрақұрылым мен көлік қатынасы да әсер етеді. Әсіресе, тікелей әуе рейстерінің артуы мен жаңа бағыттардың ашылуы – халықаралық туризмді дамытудың маңызды тетігі.

Нұрбол Байжанов, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің басқарма басшысы:

- Бізде 19 жылдан бері Ашық аспан механизмі жұмыс істеп тұр. Ол 15 халықаралық әуежайда біздің шетелге ұшуға мүмкіндік береді. Осының арқасында бізге шетелден келіп жатқан туристердің артуына негізгі себептерінің бірі болып отыр. Мысалға алатын болсақ, өткен жылы 22-ге жуық рейс қайтадан қалпына келтіріліп ашылса, биыл 15 елге 32 рейс ашылады деп күтілуде.

Сөйтіп, отандық туристер үшін шетелге шығу бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті. Түркия мен Мысырдан басталған сапарлар енді Вьетнам мен Таиланд сияқты жаңа бағыттарға ойыса бастаған. Бұл туризм демалу ғана емес, жаңа әлемді тануға жасалған қадам екенін де байқатады.

Сержан Айтжан, Нұрғали Мамырбаев, Ақылбек Есімсейітов