
Медеу шатқалында мәреге жеткен IQanat-2025 Олимпиадасының финалы ауылдан келген 1000 оқушының өміріне жаңа бағыт сілтеді. Бір аптаға созылған білім додасы ауыл баласының арманына жол ашып, ел кәсіпкерлері берген тосынсыймен толықты, деп жазады Egemen.kz.
IQanat – тек олимпиада емес, бұл – мүмкіндіктер платформасы. Алматыда өткен биылғы финал да соның жарқын дәлелі болды. 50 мыңнан астам жеткіншек қатысқан алғашқы іріктеуден сүрінбей өтіп, соңғы кезеңге жеткен мың бала Медеудің баурайында бас қосты. Бұл – жәй кездесу емес, өз арманына қадам басқан жастардың өміріндегі ең маңызды белестердің бірі.
IQanat қоры ұйымдастырған апталық финал аясында оқушылар түрлі тестілеуден өтіп, интенсивті апгрейд бағдарламасына қатысты. Мұнда балаларға арнайы білім тренингтері мен ғылыми практикалар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Peer-to-Peer форматы бойынша 270 сағатқа жуық математика және ағылшын тілі сабақтары өткізілді. Бұл – IQanat мектебінің жоғары сынып оқушылары мен түлектері өздерінен кейінгі буынға жол көрсетіп, жақсылықты бөлісу идеясын жүзеге асырып жатқан бірегей формат. Яғни, тәлім алып қана қоймай, тәлімгерден үлгі алу – бұл жобаға тән басты ерекшелік.
Ауыл баласына арналған зияткерлік көпір
Финалистерге арналған қуанышты жаңалықтардың бірі – биыл грант санының артуы. Егер бұрын IQanat мектебіне 100 бала қабылданса, енді бұл сан 125-ке жетті. Сол секілді IQ Advance бағдарламасына қатысатын балалар да 125-ке көбейіп отыр. Бұдан бөлек, қалған 750 финалист те назардан тыс қалмайды. Олар IQ-IP атты үш жылдық бағдарлама аясында ҰБТ мен халықаралық емтихандарға дайындық курстарына қатысып, ағылшын тілін тереңдетіп оқуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, олар кәсіп пен университет таңдау барысында кәсіби бағыт-бағдар алады.
«IQanat тәжірибесі ауылдағы балалардың да дарынды, зерек әрі мақсаткер екенін анық көрсетті. Біздің міндет – сол дарынның жолын ашу. Сондықтан да биылғы жылы гранттар санын едәуір арттыруға шешім қабылдадық», деді IQanat қамқоршылар кеңесінің мүшесі, ISS Corporation LLP директорлар кеңесінің төрағасы Ерлан Исекешев.
Кәсіпкерлер көтерген ауыр жүк
IQanat – бұл 230-ға жуық отандық кәсіпкердің ортақ ісі. Білімге, болашаққа салынған инвестиция деуге болады. Қамқоршылар қатарында Асқар Алшынбаев, Тимур Турлов, Серік Төлбасы, Еркін Длімбетов, Сергей Кан, Оразхан Қарсыбеков, Андрей Лаврентьев, Айдын Рахимбаев, Дулат Тастекей сынды азаматтар бар. Олар IQanat жобасы арқылы ауыл баласына тең мүмкіндік сыйлап отыр.
Финал қорытындысында тағы бір қуанышты шешім жария етілді: IQanat мектебіне оқуға тек бірнеше балл жетпей қалған 20 оқушыға 20 кәсіпкер өз атынан жеке грант бөлді. Осылайша, жалпы грант саны 270-ке жетіп отыр.
«Мұнда әрбір талантқа білім, бағыт және биік мақсаттарға жол ашылады. Бүгін білімге ұмтылған бала ертең ел дамуына қызмет ететін ғалым, инженер, көшбасшы болады», деді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қамқоршы, кәсіпкер Сергей Кан.
IQanat-тың жүйелі еңбегі бүгін нақты нәтиже беріп жатыр. Жоба түлектерінің 94 пайызы отандық және шетелдік үздік университеттерге грантпен түсіп, бүгінде 17 елде білім алып жүр. Олар тек білікті маман ғана емес, қоғамға пайдалы, жауапты тұлға ретінде қалыптасып жатыр.
Финалға Қарағанды облысы, Нұра ауылынан келген Дәулет Әмірхан есімді оқушы биыл грант иегері атанды.
«Мен грант алғанымды білгенде көзіме жас келді. Бірден анамды ойладым – ол мен үшін көп нәрседен бас тартып жүр. «Білім сені шыңға шығарады» дейтін сөзі жадымда жаңғырып тұр. Сенім үдесінен шығу үшін бар күшімді салдым», дейді Дәулет.