
Көрме 2025 жылдың 14 маусым мен 14 қыркүйек аралығында Берлинде өтеді.
14 маусымда Берлинде куратор Заши Колах (Zasha Colah) және куратордың көмекшісі Валентина Вивиани (Valentina Viviani) жетекшілік ететін "passing the fugitive on" атауымен 13-ші Берлин заманауи өнер биенналесі ашылды. Халықаралық көрмеге 60-тан астам суретші қатысып, 170 өнер туындысы қойылған.
Биеннале әділетсіз жүйе жағдайында заңдастырылған зорлық-зомбылыққа қарсы өнердің өз заңдарын орнату мүмкіндігін зерттейді. Ол сондай-ақ қудалау, милитаризация және экоцид жағдайында да ойдың даму қабілетіне назар аударады.
Көрмеге Қазақстаннан 2020 жылы Balqashqa Qamqor экологиялық қозғалысының негізін салған және мәдени тәжірибелер, зерттеушілер әрі жергілікті қауымдастықтармен бірге көлдің экожүйесін сақтау үшін оны қорғаудың жаңа формаларын жасақтап жатқан Artcom Platform әйел суретшілер бірлестігі қатысып жатыр. Artcom Platform Берлинде, бұрынғы сот ғимаратында "Balqaş Jyry" бейне инсталляциясын ұсынды. Аталған туынды көл бассейніндегі көшпелі өмір салты мен білімінің тоғысуы, отарлау және қазіргі заманғы әлеуметтік-экономикалық, экологиялық әрі климаттық, сондай-ақ Балқашта АЭС салу туралы шешім салдарынан одан сайын шиенелісе түскен мәселелерді зерттейді.

"Бейне эссе қазақ қауымдастықтарына отарлау, күштеп отырықшыландыру және Ашаршылық жағдайында да тұрақты өмір сүру стратегияларын құруға мүмкіндік берген, еркін өмір сүру дәстүрі – қазақылыққа мойын бұрады. Бұл дәстүр ұжымның көркемдік және зерттеу стратегияларына шабыт сыйлайды. "Balqaş Jyry" бейне эссесінде Балқаш көлі дауыс пен денеге ие болып, экожүйенің жойылуы туралы баяндап, өзінің өмір сүру мен әділетке ие болу құқығын талап етеді. Бейне Балқаш көлінің негізгі күретамыры – Іле өзенінің трансшекаралық табиғатын, өнердің ұжымдық түрлері және экожүйелермен өзара байланысын білдіретін шым шиден (дала қамысы) жасалған кеңістік инсталляциясымен тоғысқан", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Лондонда қазақстандық суретшіні еске алу көрмесі ашылды
Идея авторы Әйгерім Қапар: "қозғалмалы бейне – нағыз көшпелі орта: ол ұлан-ғайыр даланы армансыз кезіп, еңсерген шабандоздың көзқарасын жаңғыртады" деп санайды. Биеннале кураторы Заша Колах: "Инсталляция қозғалыс сезімін күшейтетін бейне тізбегі арқылы өрбиді. Туындының көп дауысты болуы поэзия және мұрағат артефактілері көмегімен айқындалып, көз алдыңда айшықтала түседі" дейді.
"Balqaş Jyry" командасында суретші әйелдер бар:
- идея және сценарий авторы – Әйгерім Қапар;
- операторлық жұмыс, монтаж және түс коррекциясы – Әсем Сұлтанова;
- композитор, дыбыс режиссёрі және кадрдан тыс дауыс иесі – Ақмарал Мерген;
- анимация, дизайн және монтаж бойынша көмекші – Қарлығаш Ахметбек;
- продюсер және концепция авторларының бірі – Антонина ван Лиер;
- продюсер және иллюстратор – Әйгерім Оспан.

Өнер туындысы “Целинный” заманауи мәдениет орталығы және Қазақстандағы Гөте институтының қолдауымен 13-ші Берлин биенналесіне және FRAC Poitou Charentes (Франция) мұражайының коллекциясы үшін арнайы жасалды.
Artcom Platform-ның көрмеге арналған тағы бір туындысы – Қазақстандағы және Орталық Азиядағы әділдік үшін күрескен жандарды, сондай-ақ бүгінде дүние жүзіндегі зорлық-зомбылыққа қарсы тұрғандарды еске алу мақсатында бірлесіп жасалған "Қарапайым батырларға ескерткіш" атты киізден жасалған мүсін.
Көрме 2025 жылдың 14 маусым мен 14 қыркүйек аралығында Former Courthouse, Lehrter Straße 60, Берлин мекенжайында өтеді.
Artcom Platform – 2015 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан заманауи өнер және қоғамдық өзара байланыс орнату платформасы. Balqashqa Qamqor – Балқаш көлінің экожүйесін сақтау жөніндегі қоғамдық бастама.