Тіл туралы заң: қоғамдық тамақтану орындарына қандай талап қойылады?
Кез келген бизнес Қазақстан Республикасының тіл туралы заң талаптарын сақтауға міндетті. Ереже бұзылса, кли ...
Қазақстанның шет мемлекеттермен әуе қатынасы едәуір жақсарды. Жаңадан халықаралық рейстер ашылды. Бұрын тоқтап қалған бағыттар қайта іске қосылды. Мәселен, былтыр 20-дан астам рейс қайта жанданса, биыл 30-дан аса жаңа бағыт ашылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар визасыз баратын мемлекеттер саны да жыл санап артып келеді.
Елге келетін шетелдік туристердің қатары жыл сайын артып келеді. Мәселен, 87 елдің азаматы Қазақстанға визасыз кіре алады. Статистикаға сүйенсек, былтыр ішкі туристер 10,5 млнға жеткен, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 900 мыңға көп. Ал шетелдік саяхатшылар қатары 15 млн-нан асқан. Солардың бірі Джэнейдж Фрост Австралиядан келген.
Джэнейдж Фрост, турист:
- Мен Австралиядан келдім. Немерем баскетболдан жарысқа қатысады. Немеремді қолдап әрі ел көріп, жер көріп саяхаттағымыз келді. Алдымен Алматыға бардық, енді, міне, Астана. Болашақта басқа да қалаларды көрсек пе дейміз. Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім. Саяхатымыз бізге қатты ұнап жатыр.
Елде саяхаттап жүріп, жұмысын жалғастырғысы келетін шетелдіктер үшін Neo Nomad визасы қарастырылған. Сала мамандарының айтуынша, виза 5 күн ішінде рәсімделеді әрі мерзімін ұзартуға да болады.
Даниел Сержанұлы, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы:
- Бүгінгі таңда 30 шақты шетелдік азамат бұл визаны таңдаған және қызығушылық білдіріп отырған шетелдік азаматтардың саны одан да көп. Себебі өте ыңғайлы бір тетік десе болады. Өйткені өзінің төлем қабілеттілігін растағаннан кейін, белгілі бір құжаттар тізімін тапсырғаннан кейін, бір жылға визасын алады. Біздің елге келеді. Бір жыл бойында ел ішінде тұрып, жүріп, өзінің жұмысын істей береді десе болады.
Ресми статистикаға сәйкес 2025 жылдың бірінші тоқсанында елдегі демалыс базалары, қонақүйлер мен хостелдер 61 миллиард теңгенің қызметін көрсеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20% көп. Көрсеткіш бойынша алдыңғы орында Алматы қаласы. Мұнда 21,6 миллиард теңгеге қызмет көрсетілген. Одан кейін Астана 13,7 миллиард, Ақмола облысы 5,7 миллиард теңгемен үштікке енген.
Қызмет көрсету саласындағы жетекші өңірлер:
Алматы қаласы — 21,6 млрд теңге
Астана қаласы — 13,7 млрд теңге
Ақмола облысы — 5,7 млрд теңге
Алматы облысы — 2,4 млрд теңге
Шымкент қаласы — 2,3 млрд теңге
Маңғыстау облысы — 2,3 млрд теңге
Турист тартудың тағы бір жолы, кейінгі үш жылда елде 21 халықаралық іс-шара өтті. Биыл тағы бесеуі жоспарланған. Былтыр 14 жиынға 5 мыңнан аса делегат қатысып, әрқайсысы шамамен 4 мың доллар жұмсаған. Демек іскерлік туризмнен түсетін пайда да орасан.
Нұрбол Байжанов, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің басқарма басшысы:
- Халықаралық конгрестер мен конференциялар ассоциация «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы жыл сайын өзінің ұсынымын жолдап отырады. Яғни әлемдік деңгейдегі іскерлік шараларды елімізге тарту үшін конкурстарға қатысады. Мысалы, биыл тамыз айында халықаралық кітапханалар мен конгрестер қауымдастығының үлкен іс-шарасы өтеді. Оған 130 елден 4 мыңға жуық делегат қатысады деп отыр. Жалпы орташа есеппен осындай әр іс-шараға қатысушы әрбір делегат 4000 АҚШ долларын жұмсайды деп көзделіп отыр.
Отандық туризмнің дамуы көрер көзге анық байқалады. Елге саяхаттап келушілер мен қатар жұмысқа тұрып жатқан шетелдіктер де бар. Оның үстіне жаңағы айтқан халықаралық шаралар да турист тартуға жол ашып отыр. Мамандар мұны экономикалық өсімнің бір тетігі деп бағалайды.
Авторлары: Сержан Айтжан, Қанат Махмутов