ШҚО-да атом саласына қажетті мамандар даярланады
Шығыс Қазақстанда атом электр станциясына қажетті мамандар даярланады, деп хабарлайды 24KZ. Өңірдегі жоғары оқу ор ...
Қазақстандықтар айына 0,6 келі балық жейді. Бұл – орташа көрсеткіш. Ұлттық статистика бюросы таратқан дерекке сүйенсек, балық құмар жандардың дені Шығыс Қазақстанда тұрады.
Ал шымкенттіктер теңіз өнімін сирек тұтынады.
Дегенмен, елде балық аулап, сауық құратындар баршылық. Шілденің басында балық пен басқа да су жануарларын аулауға қатысты жаңа лимит күшіне енді. Бұл қандай балықтар және шектен шыққандарға қандай жаза қарастырылған?
Кей балық түрлерін аулауға лимит қойылды
Сазан, табан, көксерке, шортан және басқа да балықтарды белгіленген лимиттен асырып, аулауға болмайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл су жәндіктерінің экожүйенің сақталуында маңызды рөлге ие екенін айтады. Сол себепті жыл сайын осы кезеңде лимит енгізу дәстүрге айналған. Әрі Іле, Ертіс, Сырдария сынды ірі өзендер мен жекелеген көлдердің экологиялық тұрғыда қажет деп танылған аумақтары таңдалған. Сонымен қатар балық популяциясының қазіргі жағдайы да ескерілді. Министрлік су ресурстарын пайдаланушылардың бүкіл санаты бұл лимиттерді сақтауға тиіс екенін ескертті.
Марат Қанағатов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы:
- Өткен жылғы лимит 87 мың тоннадан асса, биыл 89,9 мың тоннаға жетті. Бұл 2,5 мың тоннаға артық. Негізі балық аулау лимиті жылда енгізіледі. Көлемі ғылыми деректерге қарай өзгеріп отыруы мүмкін. Мәселен, кей өңірлерде балық қоры қалпына келсе, лимитті сәл ұлғайтуға болады. Ал балық саны азайып кетсе, көлем төмендетілді. Яғни, осы маусымда балықшыларымыз көбірек балық аулай алады.
Лимитті асырғандарға айыппұл салынады
Ал лимиттердің сақталуын облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциялары бақылайды. Талапты аттағандар анықталса, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мәселен, рұқсат етілген көлемнен біраз асса, жеке тұлғаға – 10, шағын бизнеске – 30 АЕК, орта бизнеске – 50, ірі бизнеске – 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Шектен шыққандар үш жылға дейін бас бостандығынан да айырылуы мүмкін. Еске салайық, биыл 1 АЕК 3932 деп бекітілген.
Қолда өсірілген балық көлемі артты
5 жылда елдегі балық өндірісі 270 мың тоннаға жетеді. Бүгінде салада кәсіп иелерінің қатары артып жатыр. Биыл оларға 3,5 млрд теңге көлемінде субсидия беріледі. Жеңілдетілген несие де бар. Әзірге шаруалар бір млрд теңгеден аса қарыз алды. Қазір ел аумағында 600-ден аса балық шаруашылығы нысандары бар. Олар ішкі нарықтың 67%-ін қамтып отыр. Өткен жылы ел тұрғындары 94 мың тоннадан аса балық етін жеген. Оның 42 мыңы су айдындарынан алынса, 18 мың тоннасы жасанды бассейндерде өсірілді. Яғни, елде балықты қолдан өсіруге көңіл бөлініп жатыр. Ал импорт – 54 мың тонна.
Ауыл шаруашылығы санағы болады
Бір айдан соң елде ауыл шаруашылығы санағы басталады. Ауқымды шара екі кезеңнен өтеді. Алғашқысы тамыз айы бойы онлайн ұйымдастырылады. Онда өсімдік, мал және балық шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіп иелері және шаруалар қатысуы тиіс. Санаққа үш жарым мыңнан астам адам қатысады деп жоспарланған.
Авторы: Мерей Мұратханқызы