• 21-11-2025

“Манипуляция“. Руслан Берденов әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, денсаулығына және бес оқ жарақатынан кейін оңалту кезеңінен өтіп жатқанына байланысты сот отырыстарына жеке қатысуына мүмкіндік жоқ.

"Сот процесін және оған қатысты ақпараттық кеңістіктегі ахуалды мұқият бақылап отырмын. Сотта жауапкер Жиенбай тарапынан айтылып жатқан мәлімдемелерге үнсіз қалу мүмкін емес. Бұл — тек қысым көрсету әрекеті. Соңғы рет мен оны сол күні, дәл өзі аңшы мылтығынан атып кеткен кеште көрдім. Одан кейін бізде ешқандай байланыс болған жоқ. Кейінірек ол өкілдерімен бірге менің қорғаушыларыммен байланыс орнатуға тырысып, "достасуды" ұсынды", — дейді шенеунік.

Руслан Берденов бұған дейін қандай жағдай болғанын айтты.

"Кешірім берілсе, шу көтермейміз деді, ал бас тартқан жағдайда "ақпараттық жарылыс" жасаймыз деп сес көрсетті. Тіпті айыпталушының әкесі өзін-өзі өртейді деген мәлімдеме жасалатынын айтты. Мұны мен тікелей қысым деп бағалаймын. Мен қандай да бір қысым мен арандатуға жол бермедім", — деді ол.

Сондай-ақ, әкімнің орынбасары бұл оқиғаның себебі неде екенін айтты.

"Бастапқы ұстанымым өзгерген жоқ. Қақтығыстың түп-төркіні кәсіби, қызметтік сипатта. Жауапкер келісім аясындағы жұмысын адал атқарғысы келмеді, есеп беруден жалтарды. Мен тек ашықтық пен міндеттемелер орындалуын талап еттім. Ал қоғам назарын "қызғаныш", "жеке қатынас", "жұбайы" секілді жалған себептерге бұру - манипуляция, шындықтан алыстату. Мен оның жұбайын да, отбасын да танымаймын. Ол мен үшін тек мердігер болатын", — деді Берденов.

Ол сотта айтылған жайттармен келіспейтінін мәлімдеді.

"Бұдан да сорақысы: бүгінде бұл жалған мәлімдемелерге қала әкіміне қатысты тұстарды да қосып жатыр. Бұл тағы да істің ақиқатқа емес, қысым көрсету мен беделге нұқсан келтіруге бағытталған өрескел манипуляция екенін дәлелдейді. Мен мұндай мәлімдемелерді үзілді-кесілді жоққа шығарамын және оларды мойындамаймын", — деді ол.

Шенеунік денесінде әлі де қорғасын оқтары барын айтып, суретін жариялады.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Ruslan Berdenov (@ruslan_berdenov)

Айта кетейік, міндетті түрде келуі қажет екеніне қарамастан, Руслан Берденов кеше сотқа келген жоқ. Сот отырысы кезінде оның өкілі жәбірленуші емделіп жатқанын мәлімдеді. Сот мемлекеттік тілде ашық режимде өтті.

Берденовке жасалған шабуыл

Еске салайық, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды.

Кейінірек күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Мамырда Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов шабуылдан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады.

Берденов туралы не белгілі?

Ол 1985 жылы 6 наурызда Шымкент қаласында дүниеге келген. 2006 жылы менеджмент мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 2009 жылы КИМЭП университетін Іскерлік басқару магистрі (MBA) дәрежесімен бітірді.

  • Еңбек жолын 2005 жылы "Алматы құс" ААҚ ("Сеймар" тобы) компаниясының бөлшек сауда директоры қызметінен бастады.
  • 2007 жылғы ақпан — 2010 жылғы шілде — Procter & Gamble компаниясының бас логистикалық үйлестірушісі.
  • 2010 жылғы шілде — 2012 жылғы қараша — Eastcomtrans ЖШС жылжымалы құрамды жалдау бөлімінің бастығы.
  • 2012 жылғы қараша — 2018 жылғы мамыр — "Ақ ниет" ЖШС бас директоры.
  • 2018 жылғы қараша — 2019 жылғы сәуір — "Ақ ниет" ЖШС байқау кеңесінің мүшесі.
  • 2019 жылғы сәуір — 2023 жылғы наурыз — Aq niet Group байқау кеңесі төрағасының орынбасары.
  • 2023 жылғы 29 наурыздан бастап Respublica партиясының партиялық тізімі бойынша VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі.
  • Биыл Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Logotype Massaget