• 21-11-2025

Қ.Тоқаев Әзербайжан президентін тарихи декларацияға қол қойылуымен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президентімен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды 24kz.

Мемлекет басшысы Ильхам Әлиевті АҚШ президенті Дональд Трамптың атсалысуымен Вашингтонда Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу туралы тарихи декларацияға қол қойылуымен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған құжатқа халықаралық құқық қағидаттары мен БҰҰ жарғысына сәйкес қол қойылғанын атап өтті. Тиісінше, бұл қос елдің стратегиялық мүдделеріне толығымен сай келеді, сондай-ақ Кавказда халықаралық ынтымақтастықтың жан-жақты дамуына ықпал етеді. Қазақстан Әзербайжанның стратегиялық серіктесі ретінде өңірде көптен күткен бейбітшіліктің орнауын шын ниетпен қолдайды. Мемлекет басшысы Астананың алдағы уақытта келіссөзге арналған алаң ұсынуға дайын екенін растады. Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевтің көшбасшылығымен Әзербайжанның халықаралық аренада абырой-беделі арта түскенін атап өтті. Мемлекет басшылары жоғары деңгейдегі байланысты одан әрі жалғастыруға уағдаласты. Ильхам Әлиев Қазақстанмен сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Ертең Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен телефон арқылы сөйлеседі.

Бұл туралы Президент кеңесшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай хабарлады.