UEFA чемпиондар лигасының топтық кезеңіне 36 стадион қатысады
Осы стадиондарды жеке-жеке атап, сыйымдылығын жазып шықтық. Испания Камп Ноу, Барселона – 99 354 орындық, ...
Бүгін «Қайрат» пен «Селтиктің» қарымта кездесуіне тағы 1000 билет сатылымға шығарылды, деп хабарлайды 24kz.
UEFA-ның үлесіндегі мыңға жуық билет клубқа қайтарылды. «Қайрат» жанкүйерлерінің ертеңгі ойынға қызығушылығы өте жоғары. Сол себепті бұл билеттер де лезде сатылып кетті. Ертең Алматының Орталық стадионында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының әнұраны шырқалады. Маңызды ойын Астана уақытымен 21:45-те басталады.
Орталық стадионды жағалап, билет іздеген адамдар жиі кездеседі. «Қайрат» пен «Селтиктің» қарымта ойынына қызығушылық артқан соң бүгін тағы 1000 билет сатылымға шығарылған. Алматылық клубтың жанкүйері Рахат Ташметов бүгін бір билет алып үлгеріпті. Ертеңгі ойында сүйікті командасына қолдау көрсетуге тас-түйін дайын.
Рахат Ташметов, футбол жанкүйері:
- Біріншісінде мен үлгермей қалдым, бүгін ашты, мына батыс жағынан онлайн билет алдым. Ойынға жалпы дайынбыз. Сеніп отырмыз, «Қайрат» Алла қаласа ұтады, жеңеміз. Өтеміз, топтық кезеңге өтеміз, бұйырса.
Алматыда UEFA Чемпиондар лигасының аясындағы ойын алғаш рет өткелі тұр. Ертең стадионда ине шаншар орын болмайтыны анық. Билет ала алмай қалған жанкүйерлер ертең де келіп, стадион сыртынан қолдау білдіреміз деп отыр.
Ақерке Азат, футбол жанкүйері:
- Билеттер жарты сағатта жоқ болып кетті ғой. Алып үлгермей қалдық, негізі көргіміз келген қатты.
Тек қарымта ойында «Селтик Паркте» сары қағаз алып қалған Дастан Сәтбаевтың алаңға шықпайтыны өкінішті. Жарақатынан айыға алмаған қақпашы Александр Заруцкийде бұл кездесуге қатыспайды. Дегенмен, Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде өнер көрсету – кез келген футболшының арманы. Сондықтан қайраттықтар аянып қалмас.
Әлімжан Асқар, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының медиа-офицері:
- Бұл жолы «Қайрат» бізге зор сенім сыйлап тұр. Қарымта кездесуде, үйде біз жеңіске жете алатын сияқтымыз. Себебі бірінші ойын 0:0 есебімен аяқталды және «Қайрат» «Селтиктен» еш кем болған жоқ. Керісінше, «Селтиктің» осал тұстары көбірек байқалған сияқты. Енді міне, үйде, Алматыда жанкүйердің қолдауы барда біз жеңіп кететін сияқтымыз.
Ойынға тәртіп сақшылары да дайындалуда. Ертең кешке Орталық стадион маңындағы қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 2 мың полиция қызметкері жұмылдырылады. Сонымен қатар Абай даңғылы, Байтұрсынұлы, Мұқанов және Сәтбаев көшелері аумағында автокөлік қозғалысына шектеу қойылады.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов