• 21-11-2025

Қайырымдылық қорын заң жүйелеуге тиіс

Қайырымдылық қорларының ашықтығын міндеттеу керек. Біздің елде ресми тіркелген ұйымдар саны мыңнан асады, бірақ барлығы бірдей есеп бермейді. Әйткенмен, әлеуметтік желіде белсенді. Кейінде осы саңырауқұлақтай қаптап кеткен қайырымдылық қорларына сенім азайды. Бұлардың қайсынікі дұрыс, қайсінікі бұрыс. Адам айырып болмайды. Енді бұл мәселе осылай кете бере ме? Заң не дейді?

Елдегі мыңнан аса қоғамдық қор қайырымдылықпен айналысады. Олардың жұмысын реттейтін заң бар. Десе де депутаттар мен қоғам белсенділері: «Құқықтық актіні жетілдіру қажет», — дейді. Қазір арнайы жұмыс тобы өзгерістер мен толықтырулар жайын пысықтап жатыр.

Аяужан Әшімова, ШҚО қоғамдық кеңесінің төрағасы:

- Біз азаматтық институттары тарапынан тұрақты түрде мемлекеттік органдардың жұмысынан ашықтықты талап етеміз. Біздің елімізде бюджеттің ашықтығы орындалып отыр, өзге елдерден келіп, тәжірибе алмасқан жағдайлар да баршылық. Ал енді осы қоғамдық ұйымдар қаншалықты ашық болып отыр. Өзінің қаражатын тиімді пайдаланып отыр ма? Мақсатына сәйкес жұмсалып отыр ма? Бұл жағынан да ашықтық пен есеп қажет деп ойлаймын. Алдағы уақытта қабылданатын заңда бұл мәселелер ескеріледі деген үміттеміз.

Қайырымдылық саласында даулы оқиғалар көбейді. Әсіресе «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігінің жетекшісіне қатысты іс көпшілік жадында. Себебі жеке мақсатқа жұмсалған қыруар қаржыда қарапайым азаматтардың да үлесі бар. Қарапайым халық демекші, әлеуметтік желіде жылап-сықтаған немесе шектен тыс қуанып тұрған эмоционалды роликтерге сенуге болмайды. Мамандар, ең алдымен, жеке тұлғаның шотына ақша аударарда сақ болу керек дейді. Өйткені, мұнда алаяқтық нышаны болуы мүмкін.

Айнұр Аймурзина, Dos Community қорының жетекшісі:

- Біріншіден қор ол ресми түрде, заңды түрде тіркелген қор болу керек. Оның құрылтайшылары мен жұмыскерлері туралы ақпарат олардың сайтында немесе БАҚ болу керек. Екіншіден ҚҚ жыл сайын есеп беріп тұру керек. ҮЕҰ-дарға арналған бізде реестр бар. Сол реестрге жыл сайын есеп беріп тұру керек. Сонымен қатар, ақшалай есеп емес, қандай бағдарламалар бар, қандай жобалар болды, кімге көмектескені туралы ақпараттар болу керек.

Ал түрлі оқиғаны желеу етіп, желіде ақша жинап отырған блогерлер көмекке мұқтаж жанұямен қайырымдылық волонтёры деген келісімге отыруға міндетті. Қазір Астананың өзінде 40 шақты қайырымдылық ұйымы бар. Олар Астана жастары орталығымен тығыз байланыста.

Балжан Ғалымжанқызы, Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы

- Тексереміз алдын ала, көбіне ол кісілер қаржылай көмек сұрамайды. Адам санымен, ақпараттық қолдау көрсетуді сұрайды. Біз алдын ала ол кісілерден іс-шара бойынша немесе қандай да бір көмек көрсету туралы толық ақпаратты сұратамыз. Оны бастан аяқ тексеріп шығамыз. Содан кейін ғана шешім қабылдап, өз құзіретіміз шегінде қандай көмек көрсете аламыз, соны көрсетеміз.

Негізі қайырымдылық қорын кез келген адам аша алады. Тек арнайы жарғы мен шот болуы керек. Кейін электронды үкімет порталы арқылы өтініш бересіз. Бір ескерерлігі, ҮЕҰ-ның бизнеспен айналысу мүмкіндігі жоқ. Құрылтайшылар түскен ақшаны өзара бөлісе алмайды. Артылғанын әлеуметтік мақсатқа тарату қажет. Бірақ, шын мәнінде солай ма? Бұл жағынан ашықтық кемшіндеу. Ал мұны келесі жылы қабылданатын заң жүйелеуге тиіс.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ержан Қанапияұлы