Футболдан әлем чемпионатының іріктеу туры. Live
Елордада Қазақстан мен Бельгия құрамалары арасында футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу матчы өті ...
Мемлекет азаматтық қоғамның өрісін кеңейтуге әрдайым баса мән береді. Себебі белсенді азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдардың ел ісіне араласуы — қоғамдағы ашықтықты арттырып, мемлекет пен халық арасындағы сенімді нығайтудың басты тетігі.
Бүгін елордада өткен XII Азаматтық форумы аясындағы пленарлық отырыс қатысушыларын құттықтаған Президент осылай деді. Алқалы жиынға 700-ден астам делегат қатысты. Олардың қатарында Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен дипломатиялық корпус өкілдері де бар.
Бұл залға жиналғандардың қай қайсысы болмасын қоғам арасында белсенділік танытып, азаматтық секторды дамытуға үлесін қосып жүрген жандар. Бүгінде елде 18 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым бар. Олар мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір, халықтың үнін жеткізуші әрі түрлі әлеуметтік бастамалардың қозғаушы күші. Мемлекеттің сенімді серіктестері саналатын бұл ұйымдар бүгінде білім, экология, әлеуметтік қолдау, мәдениет және жастар саясаты сияқты көптеген бағыттарда тиімді жобаларды жүзеге асырып келеді. Бұл жайында Президенттің құттықтау хатын оқыған көмекшісі Арман Қырықбаев мәлімдеді.
Арман Қырықбаев, ҚР Президентінің Ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі:
- Шын мәнінде сіздер еліміздің береке бірлігін нығайтуға, «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидаттарын іске асыруға белсене ат салысып жүрсіздер. Мен баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Мемлекет азаматтық қоғамның үлесін кеңейтуге әрдайым баса мән береді. 5 жылда арнайы әлеуметтік тапсырысқа бөлінетін қаржы 2 есеге жуық өсті. Бұл қаражат игі бастамаларды жүзеге асыруға, мұқтаж жандар мен жастарды қолдауға жұмсалып жатыр.
Үкіметтік емес ұйымдармен әріптестік қазір бұрынғыдан да қарқынды дамып келеді. Сенім нығайып, ынтымақтастық кеңейген сайын, қоғам өміріндегі нақты мәселелерді шешуге бағытталған жобалардың сапасы да артып отыр. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау көлемі де айтарлықтай ұлғайған. Бүгінде үкіметтік емес ұйымдарға берілетін әлеуметтік тапсырыстардың жалпы сомасы 30 млрд теңгеден асқан.
Абылайхан Әбдірәш, Қазақстан «Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
- Көптеген дамыған, дамушы мемлекеттерді байқасаңыз, мемлекетпен қатар азаматтық қоғамның рөлі басым түсіп отырады. Сондықтан бүгінгі азаматтық форум да бүкіл салалар бойынша мәселелер талқыланады. Яғни медицина бойынша, қоғамдық кеңес бойынша, сонымен қатар түрлі профильдік министрліктердегі мәселелер көтеріліп, соның шешілуіне бағытталған ұсынымдар мен шешу жолдары талқыға салынған.
Талқылау нәтижесінде айтылған барлық ұсыныстар арнайы құжатқа енгізіліп, мемлекеттік органдарға жолданбақ. Форумға қатысқан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баяндамашыларға алғысын айтып, ұсынылған идеялар қоғамдағы сенім мен әлеуметтік жауапкершілікті нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді. Жасыратыны жоқ бүгінде халықты алаңдататын түйткілдер аз емес. Соңғы кезде әлеуметтік желіде де түрлі пікірлер мен қауесеттер тарап жүр. Мәселе елдің экономикалық және саяси ахуалына қатысты. Бұл ретте форум барысында сөз алған мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев құрғақ сөзбен сынағаннан гөрі, нақты ұсыныстар айтуға шақырды. Тағы елдің қазіргі экономикалық көрсеткіштері жайлы нақты дәлелдер келтірді.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Экономиканың өсімі байқалып отыр. Азаматтар алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелер толық орындалып жатыр. Біз үш жылдық бюджетке көшкен елдердің біріміз. Бұл ұзақ мерзімді жоспарлау мен болжау мүмкіндігінің бар екенін көрсетеді. Әлем бойынша тұрақты табыс көздері бар небәрі 50 шақты мемлекет қана үш жылдық бюджет жүйесіне өткен. Ал қалған 150 ел мұндай қадамға әлі бара қойған жоқ, себебі олардың кірістері тұрақсыз. Былтыр бюджет кірісі 44 млрд доллардан асты. Бұл Өзбекстан көрсеткішінен 1,5 есе жоғары. Ал Қырғызстанмен салыстырғанда — 10 есе көп.
Қазір елдегі бюджеттің 60 пайызға жуығы әлеуметтік секторға бағытталған. Яғни жыл сайын несие, жәрдемақы төлеу мен оны арттыруға кемі 1 трлн теңге жұмсалады. Ал аймақтарды қолдауға биыл 7,6 трлн теңге бағытталған екен. Дегенмен өзекті деген мәселелер де жоқ емес бар. Ол әрине халықты жұмыспен қамту жайы. Қазір елде жұмысқа жарамды деген 11 млн-ға жуық отандасымыздың тек 6 млн ғана тұрақты түрде нәпақа тауып жүр. Ал қалған азаматтар депутаттың сөзінше тасадан тыс жерде табыс табуда. Ендігі міндет оларды көлеңкелі экономикадан шығарып, қазынаға салық түсімін арттыру.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бірқатар мәселелерге қарамастан елімізде оң экономикалық үрдістер айқын байқалып отыр. Мұның сыртында, ұлттық қорымыз бар, алтын валюта қорымызда қомақты. Айтып өткенше, алтын валюта қоры деген әлемнің 50 ғана мемлекетінде бар. Ұлттық қор да дәл сондай, әлемнің 50 мемлекетінде бар. Біз қазір осы позициялар бойынша әлемдік топ 50-ге кіріп отырмыз деп мақтанып айтуға болады. Бұл да бір мысал. Жалпы елімізде іргелі саяси реформалар жүзеге асты, әлі де жүріп жатыр.
Айтпақшы, осы елдегі экономикалық реформаларды жүзеге асыру жоспарын реттеу үшін Президент Үкіметке 3 күн уақыт берді. Бұл жерде отандастарымыздың мүддесі толық ескерілуі керек. Ал енді азаматтық қауымдастықтың негізгі міндеті – осы өзгерістерді қоғам өкілдеріне бүкпесіз жеткізу. Демек ашық диалог пен нақты түсіндіру жұмыстарының маңызы бұрынғыдан да артып отыр.
Авторлары: Риат Шони, Арман Ақшабаев