
Сейсенбі, 11 наурызға қараған түні Қазақстанның оңтүстік-шығысында – Жетісу өңірінде жер сілкінді. Зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Министрліктің Telegram-каналында хабарланғандай, Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі "Сейсмологиялык зерттеу институты" ЖШС сейсмикалық станциялар желісі 2025 жылғы 11 наурызда Астана уақытымен 01 сағат 26 минутта жер сілкінісін тіркеген.
Жер сілкінісінің ошағы Қазақстан мен Қытай шекарасында болған. Жетісу облысы Панфилов ауданы Жаркент қаласында жер сілкінісінің күші 2 баллға жеткен. Зардап шеккендер жоқ.
"Қазселденқорғау" АТЭТУ мамандары жер сілкінісінен кейін өзен арналарын, гидротехникалық құрылыстарды, көшкін қаупі және сел қаупі бар учаскелерді зерттеу бойынша мониторинг жүргізді. Сондай-ақ тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын аралап, тексеріп шықты.
Тексеру нәтижелері бойынша зақымдану табылған жоқ, қазіргі уақытта аталған объектілер штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Осы орайда ТЖМ жер сілкінісі кезіндегі он қарапайым қадамды назарға ұсынды:
- Жер дүмпуі кезінде үрейленбеңіз;
- Жер сілкінгенде лифтті, баспалдақты қолданбаңыз;
- Жиhазға, терезеге жақын тұрмаңыз;
- Жасырынатын жерді табыңыз — жоғарғы қабаттарда негізгі іргелі қабырғалардың бұрышында жасырыныңыз;
- Ғимараттан шығыңыз (төменгі қабаттарда); көп қабатты үйлерде жер сілкінісі аяқталған соң ғимараттан шығыңыз;
- Кетер алдында суды, газды, электр қуатын мүмкіндік болса, өшіріңіз;
- Дабыл жол сандығын алыңыз (алдын ала дайындау қажет);
- Электр желілерден, ғимараттан, ағаштардан аулақ болыңыз;
- Жер сілкінуіне дайын болыңыз;
- Қарт адамдарға, балаларға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсетіңіз.
Еске салсақ, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында жер сілкінгені туралы жазған едік.